Covid-19 толқыны жалпы еңбек нарығына кері әсерін тигізді, бірақ әйелдер ерекше соққыға ұшырады

Жарияланды
ковид в китае
Фото:Shutterstock

БҰҰ-ның «Әлем әйелдері 2020» сарапшылық-талдамалық ресурсы COVID19 пандемиясының әйелдер мен ер адамдарға әр түрлі әсер еткенін анықтады.

Бұған қоса, пандемия гендерлік теңсіздік проблемаларын күшейтті.  Мысалы, бұл әйелдердің денсаулығына, олардың жұмысқа орналасуына және жұмыспен қамтылуына, білім алуына, экономикалық құқықтар мен мүмкіндіктерді жүзеге асыруға, әйелдердің көшбасшылығы мен шешім қабылдауға қатысуына, әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа теріс әсер етті.

Коронавирус толқыны жалпы еңбек нарығына кері әсерін тигізді, бірақ әйелдер ерекше соққыға ұшырады: оларға жұмыста қысқарту мен жалақының төмендеуі көбірек әсер етті.

Пандемия еңбек нарығындағы гендерлік теңсіздікті, сондай-ақ әйелдер мен ерлер арасында ақысыз төленбейтін үй және отбасы мүшелеріне күтім жасау жұмыстарының біркелкі бөлінбеуін күшейтті. 2020 жылы әлемдік ауқымда жұмыс істейтін еркектердің үлес салмағы жұмыс істейтін әйелдерге (47%) қарағанда айтарлықтай жоғары болды (74%). Демек, жұмыс күшіне қатысудағы жаһандық гендерлік алшақтық 27 проценттік тармақты құрады.

Әйелдер еркектерге қарағанда пандемиядан ең көп зардап шеккен экономика салаларында жұмыс істеді. Атап айтқанда, тамақтану, қонақ үй бизнесі, бөлшек сауда және ойын-сауық индустриясында. «БҰҰ Әйелдер» құрылымының мәліметі бойынша, әлемдегі барлық жұмыспен қамтылған әйелдердің 40%-і осы секторларда жұмыс істеген, ал оларда жұмыспен қамтылған ерлердің проценті 36,6% құраған.

Пандемия ерлер мен әйелдер басқаратын компанияларға екіұшты әсер етті. Бұл, әсіресе, шағын және орта бизнесте көрінді. Халықаралық сауда орталығының «ШОК-2020 бәсекеге қабілеттілігіне шолу. Үлкен карантин және оның шағын бизнеске  әсері» баяндамасында келтірілген сауалнама деректері бойынша, әйелдер басқаратын фирмалардың 64%-і ерлер басқаратын компаниялардың 52%-імен салыстырғанда, олардың бизнесі пандемия дағдарысынан қатты зардап шеккенін атап өтті. Осылайша, Ресейдің микро, шағын және орта кәсіпорындары секторындағы әйел кәсіпкерлер «локдаун» кезінде ақша ағындары мен сұраныстың жоғалуынан ерлерге қарағанда қатты зардап шекті (пандемияға 20% және одан да көп душар болды және үлкен шығындарға ұшырады).

«БҰҰ Әйелдер» құрылымының деректері 2021 жылға қарай 435 миллион әйел мен қыз-келіншек өте кедейлікке ұшырағанын және күніне 1,9 АҚШ долларынан аз сомаға өмір сүруге мәжбүр  болғанын көрсетеді, оның 47 миллионы COVID – 19 нәтижесінде. Кәсіпорындардың жабылуы мен карантиндік шаралар көптеген әйелдерді, соның ішінде бейресми экономикада жұмыс істейтін 740 миллион әйелді ақша табу мүмкіндігінен айырды.

«COVID-19 және гендерлік теңдік: регрессивті үрдістерге қарсы тұру» зерттеуінде ұсынылған McKinsey бағалауы бойынша, әйелдердің жұмыс орындары ерлерге қарағанда COVID-19 дағдарысына 1,8 есе осал болды (әйелдер үшін жұмысынан айырылу ықтималдығы ерлер үшін 3,1%-ке қарсы 5,7% құрады). Әйелдер жаһандық жұмыспен қамтудың 39%-ін қалыптастырады, бірақ оларға жұмыс орындарынан жалпы 54% айырылудан келеді.

Денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істейтін қызметкерлердің 70%-і әйелдер екені белгілі. Алайда, әлемдегі денсаулық сақтау министрлерінің тек 25%-і – әйелдер. Медициналық ұйымдарда олар жоғары деңгейдегі басшылық лауазымдардың 25%-ін иеленеді. Бұл ретте, «БҰҰ Әйелдер» құрылымының деректері бойынша денсаулық сақтау секторындағы ерлер мен әйелдердің жалақысында 28% құрайтын алшақтық ерлер мен әйелдердің жалақысындағы жаһандық жалпы алшақтықтан (16%) асады. 

Сонымен қатар, жаһандық деңгейдегі медициналық ұйымдар басшыларының 72%-і – ер адамдар. Ерлер мен әйелдер арасындағы жалақы алшақтығы теңсіздікті күшейтеді: әйелдер жұмысынан тезірек айырылып қана қоймай, олар үшін аз жалақы алады. Осылайша, АҚШ-та әйелдер ерлер жалақысының 85%-ін ғана алады. Австралияда бұл көрсеткіш 86%, Үндістанда 75% құрайды. Сарапшылардың бағалауынша, әйелдердің медицина мен денсаулық сақтау саласындағы қызметі әлемдік экономикаға жылына ЖІӨ-ден 5% әкеледі, алайда ұл шаманың жартысын ақысыз еңбек алады.

Қызыл Крест сарапшылары сонымен қатар әйелдер COVID-19 пандемиясының әлеуметтік және экономикалық әсерінің ауыртпалығын бастан өткерді деп мәлімдейді. Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясы (IFRC) жариялаған есепте коронавирустық пандемия кезінде әйелдер әсіресе табысының жоғалуынан, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың өсуінен, балалар некесі мен адам саудасынан, сондай-ақ балалар мен науқас туыстарына күтім жасау жауапкершілігінен зардап шеккені атап өтілді.

Пандемияның әсерін талдау негізінде Қызыл Крест COVID-19 әлеуметтік және экономикалық ауыртпалығы бүкіл әлемде әйелдерге пропорционалды емес екенін ескертті. Зерттеуге қатысқан 38 елдің 31-і (82%) әйелдердің пропорционалды емес зардап шегетінін көрсетті. Қалалық кедейлер, мигранттар мен босқындар ерекше қауіп топтары ретінде анықталды.

Жаһандық ауқымда жалпы еңбек нарығына көбірек қатысуына байланысты ерлер арасында жұмыс орындарынан абсолютті айырылу жоғары болды, бірақ әйелдер арасында жұмыс орындарынан айырылу салыстырмалы жоғары болды. Жастар мен мигранттармен қатар, әйелдер негізінен уақытша жұмыстарға қатысады және бөлшек сауда, үй жұмысы және туризм сияқты пандемиядан зардап шеккен секторларда үстемдік етеді. Есеп Испания, Филиппин және Ямайканы қоса алғанда, туризм соққысынан қатты зардап шеккен бірнеше елдерді бөліп көрсетеді.

Дания, Эфиопия, Финляндия, Германия, Исландия, Жаңа Зеландия және Словакиядағы әйел басшылар басқаратын үкіметтер пандемия дағдарысына жедел ден қою шараларын бастады. Бұл әрекеттер қатаң карантин, әлеуметтік алыстау және жаппай тестілеу шараларымен шектелмеді. Олар сондай-ақ халықты жағдай туралы хабардар етуді, адамдарға жанашырлық пен қамқорлық көрсетуді қамтыды. Нәтижесінде бұл елдерде COVID-19 өлім-жітімінің төмен деңгейі тіркелді. Осылайша, вирустың таралуына қарсы олар таңдаған стратегиялар өздерінің тиімділігін дәлелдеді.

Жоғарыда айтылғандай, пандемия жағдайында әлемде гендерлік теңсіздіктің көріністері күшейіп, қаржылық дағдарыс әйелдерге көбірек әсер етті. Дүниежүзілік экономикалық форумның есебіне сәйкес, жаһандық гендерлік тепе-теңдікке жету үшін кем дегенде 136 жыл қажет болады. Бұған дейін сарапшылар бұл үшін 100 жыл жеткілікті деп болжаған. Көптеген елдерде прогресс карантиндік шаралар мен пандемия жағдайында экономикалық өсудің баяулауына байланысты тоқтап қалды. Вашингтон университетінің Денсаулық көрсеткіштерін өлшеу және денсаулық жағдайын бағалау институтының зерттеу нәтижелері COVID-19 әйелдер мен ерлер арасындағы айырмашылықты одан әрі арттырғанын көрсетеді. 

Сарапшылар пандемияның әлеуметтік және экономикалық аспектілердегі теріс әсері әйелдерге көбірек әсер еткенін анықтады. Көрсеткіштердің ең үлкен алшақтығы ақысыз жұмыс немесе жұмыссыздыққа қатысты мәселелер бойынша байқалды. Әлемде пандемияға байланысты 2021 жылдың қыркүйегінде ерлердің 20%-і және әйелдердің 26%-і жұмыссыз қалды. 

Сондай-ақ оқыңыз