Астанада сұйытылған газ тапшылығы туындады
Астанада сұйытылған газ тапшылығы туындады, сондықтан тұрғындар автокөлікті талонмен толтырады, деп хабарлайды елорда әкімдігі.
Не болды. Елордалық жанармай құю бекеттерінде газ талон бойынша сатылады, себебі тапшылық бар. Жағдай қалыпқа келгенге дейін шектеулер енгізілді.
Қазан айында Атырау зауытында жүргізіліп жатқан жөндеу жұмысына және «ПМХЗ» ЖШС мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауыттарының үлкен жүктемесіне байланысты Астанада автогаз тапшылығы мәселесі бар.
Астанада қанша газ қалды.6 қарашадағы жағдай бойынша қалада газ қалдығы 900 тоннаны құрайды, жолда келе жатқаны – 1476,3 тонна.
«Оның ішінде бүгін 9 вагон (324 тонна) жеткізілді, 7 қарашада 16 вагон (576 тонна) жеткізіледі деп күтіліп отыр. 7 қарашадан бастап «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ зауыты 25 вагон (900 тонна) газ, 8 қарашада 15 вагон (540 тонна) сұйытылған газ көлемін жөнелтуді бастайды», – делінген әкімдік хабарламасында.
Сұйытылған газдың жетіспеушілігін ескере отырып, сатушылар автогаз құю станцияларында талондық жүйені енгізу арқылы сату бойынша шектеулер енгізді.
Қазіргі уақытта мәселе тиісті мемлекеттік органдардың бақылауында, шектеулерді кезең-кезеңімен бір апта ішінде алып тастау жоспарланып отыр.
Айта кетейік, Қазақстанда сұйытылған газ біртіндеп 110 теңгеге дейін қымбаттайды деп хабарладық.
Сонымен қатар, Энергетика министрі қазақстандықтарға көліктеріне газ орнатпауға кеңес берді.