Еурокомиссия (ЕК) дүйсенбіде Еуроодақ Газа секторы үшін гуманитарлық көмекті 25 миллион еуроға арттыратынын хабарлады. Бұл туралы Интерфакс ру мәлімдеді.
«Бүгін мен Газаға гуманитарлық көмекті тағы 25 миллион еуроға арттырып жатқанымызды жариялай аламын. Осылайша, Еуропалық Одақ Газаның бейбіт тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетуге барлығы 100 миллион еуро жұмсайды», – деді ЕО басшысы Урсула фон дер Лейен Брюссельдегі ЕО елшілерінің жыл сайынғы жиналысында сөйлеген сөзінде.
Еурокомиссия төрағасы сонымен бірге ЕО Израильмен, Египетпен және БҰҰ-мен «Газаға көбірек конвойларды, соның ішінде гуманитарлық қажеттіліктер үшін дәліздерді пайдалану арқылы өткізу» үшін жұмыс істеп жатқанын айтты.
Қаржыландыру, ЕК-де нақтыланғандай, Газа секторының тұрғындарына ЕО гуманитарлық көмегін төрт есеге арттыруға мүмкіндік береді.
«Гуманитарлық ұйымдарға су мен санитарияға, денсаулық сақтауға, азық – түлікке және басқа да қажеттіліктерге назар аудара отырып, қолдау көрсету үшін жаңа көмек көрсетіледі», – делінген ЕК коммюникесінде.