Израиль Газа қаласын қоршап алды: АҚШ бейбіт келісім іздеуде

Жарияланды
Фото: kursiv.media

АҚШ мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Газа аймағындағы жағдайды реттеу үшін осы өңірдегі бірнеше елге ресми сапармен жол тартты. Оның басты кездесуі бүгін Анкарада Түркияның Сыртқы істер министрі Хакан Фиданмен өтеді.

Эсенбога әуежайына түнделетіп қонған Блинкен мен Фидан бірінші кезекте Газа аймағындағы жағдайды тұрақтандыру үшін өзара келіссөздер өткізеді деп жоспарланған.

Reuters хабарлауынша, Блинкен Түркияға келуіне бірнеше сағат қалғанда осы елдің оңтүстігінде орналасқан АҚШ әскери әуе базасына Палестинаға жақтас түрік азаматтары шабуыл жасап, оны басып алмақ болған. Газа аймағында қайтыс болғандар саны көбейген сайын Түркия мен АҚШ-Израиль арасындағы жағдай ушығып келеді.

Кеше, яғни жексенбіде Блинкен Иракқа ресми сапармен келіп, премьер-министр Мұхаммед әл-Суданимен кездесіп, Газа аймағында оқ атуды тоқтатып, гуманитарлық үзіліс жариялау мүмкіндігі туралы сөз қозғады. Алайда келіссөздердің нақты қандай шешіммен аяқталғаны әлі белгісіз. 

BBC сарапшылары, «Блинкен екі тарапқа бірдей қолайлы шешімді іздеп жүр, алайда енді екі тарапты ешнәрсе біріктірмейді» деп баға беруде.

Ал сенбі күні Блинкен Омманда Араб елдерінің басшыларымен жолығып, Қатар, Сауд Арабиясы, Мысыр, Иордания мен БАӘ Израильге оқ атуды дереу тоқтату туралы талап қойған.

Ал Израиль премьер-министрі гуманитарлық үзіліс жасау туралы ұсынысты қабылдамады. Израиль әскері ХАМАС-қа қарсы жер үсті операциясында Жерорта теңізінің жағалауына жетіп, Газа аймағын екіге бөліп, Газа қаласын толықтай қоршап алғанын мәлімдеді.

БҰҰ-ның Израильге Газа аймағында оқ атуды тоқтату туралы талабына Рим папасы Франциск те қосылды. Ол жаралы адамдарға көмек көрсету үшін аймаққа гуманитарлық қызметті енгізуді сұрады.

Алайда Блинкен оқ атуды толық тоқтату туралы талаппен келіспей, уақытша үзіліс жариялауды ұсынып отыр. Ол «Газа аймағынан бейбіт тұрғындарды шығарып, содан кейін ХАМАС-пен күресті жалғастыру қажет»,- дейді. 

БҰҰ Газадағы 48 көмек көрсету орталығының шабуылға ұшырағанын айтады. Мұнда кемі 1,5 миллион адам пана іздеп барған.

7 қазан күні Газа аумағында билік құрып келе жатқан «Хамас» ұйымы Израильге шабуыл жасады. Кейіннен Израиль әскерилері «Хамас» ұйымының шабуылына жауап ретінде арнайы операция бастады.

Түркия Израиль жүргізіп жатқан соғыспен келіспейтінін білдірді. Ердоған Израильді бейбіт тұрғындарды өлтіріп жатыр деп айыптады. Мемлекет басшысының бұл мәлімдемесінен кейін Израиль дипломаттары Түркиядан кетті.

Израиль әуе күштері Газа секторының солтүстігінде орналасқан Джабалия босқындар лагеріне бомба тастап, салдарынан 50 шақты бейбіт тұрғын қаза тапты. Израиль армиясы бұл соққыдан 50 бейбіт тұрғынмен қоса, ХАМАС-тың жоғары шенді қолбасшысы қаза тапқанын, сонымен бірге «терроризмнің жерасты инфрақұрылымы» жойылғанын мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз