Қаржы секторының тұрақтылығын сақтау үшін дағдарыс кезеңінде мемлекет банктерді қолдауға мүдделі – ҚНРДА

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
ҚНРДА банктерді сауықтыруға берген қаржысын ақтап алыпты / коллаж kursiv.media

ҚНРДА Дүниежүзілік Банктің зерттеуін жоққа шығарды.2017 жылы мемлекеттік екінші деңгейлі банктерге көмегі ІЖӨ 6%-нан аспаған. Бұл 2009-2020 жылдар аралығында максимум екенін жазады агенттік басшысы.

Дүниежүзілік Банк 2009-2020 жылдар аралығындағы Қазақстанның мемлекеттік қаржысы туралы есебінде елдегі екінші деңгейдегі банктерге көрсетілген көмек ІЖӨ-нің 11,6%-ы, яғни 8,2 трлн теңге болғанын жазған.

«ДБ сарапшылары қолданған бастапқы деректер мен есептеу әдістемесі ашылмаған. 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезеңінде қолдау көлемі ІЖӨ-нің 2%-ын құрады. Бұл ретте 2017 жылға сәйкес келген мемлекеттік қолдаудың ең жоғары көлемі ІЖӨ-нің 6%-ынан аспағанын атап өтеміз», – дейді Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап берген агенттік төрағасы Мадина Әбілқасымова.

Ол қаржы секторының тұрақтылығын сақтау үшін дағдарыс кезеңінде мемлекет банктерді қолдауға мүдделі екенін айтты.

«Мұндай жүйелік тәуекелдердің қатарына экономиканы қаржыландыруды тоқтату, төлем қызметтерін бұзу жатады. Сонымен қатар, ірі банктердің банкроттығы ел экономикасы үшін орынсыз салдар әкелуі, сондай-ақ жеке тұлғаларды, кәсіпорындарды, әлеуметтік мекемелерді және басқаларын қоса алғанда, банктердің салымшылары да зардап шегуі мүмкін», – делінген жауапта.

Агенттік мемлекеттік қаражат төлемділік, мерзімділік және қайтарымдылық талаптарымен бөлінгенін және қалпына келтіру банк акционерлерінің қатысуымен жүзеге асырылғанын атап өтті. Мәселен, 2017 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде мемлекеттік көмек алған банктерді олардың акционерлері 1,6 трлн теңгеге капиталдандырды. Шығындар бірінші кезекте банк акционерлерінің меншікті капиталын есептен шығару есебінен өтелді.

2017 жылы банк жүйесін қалыпқа келтіру үшін қабылданған бағдарлама негізінде банктердің акционерлері тарапынан ақшалай үстеме капиталдандыру есебінен шығынның кемінде 33%-ын бір мезгілде өтелді. Тағы бір талап бойынша 1 трлн теңге мөлшеріндегі операциялық пайда капиталда сақталды, соның есебінен қосымша провизиялар қалыптастырылды. Бағдарлама қолданысқа енгізілгеннен бері 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жаңа кредит беру көлемі 8 791 млрд теңгені құраған. Оның ішінде заңды тұлғаларға – 4 350 млрд теңге, жеке тұлғаларға – 4 441 млрд теңге. 

Қазір мемлекеттік қолдау қаражат бар 6 банкке шектеу қойылған. Биыл Халық Банк пен Bank RBK белгіленген өтеу кестесінен бұрын 41 млрд теңге мөлшеріндегі мемлекеттік қолдау қаражатын мерзімінен бұрын ішінара қайтарған. Дүниежүзілік банк Қазақстанда инклюзивті және тұрақты өсуге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны нығайтуға байланысты арнайы зерттеуін жариялаған. Онда Қазақстандағы мол ресурс бар, алайда оны жарату моделі күмән тудыратынын айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз