Такси жүргізушілері ресми түрде тіркеуге тұра алады
Қазақстанда «Яндекс.Такси» жүргізушілері ресми түрде тіркеуге тұра алады. Астана және Алматы қалаларында пилоттық жобаны Мемлекеттік кірістер комитеті іске қосты.
«Мемлекеттік кірістер комитеті Яндекс таксимен бірлесіп, Астана және Алматы қалаларында Яндекс.Такси қосымшасы арқылы қызмет көрсететін такси жүргізушілері үшін платформалық жұмыспен қамту бойынша пилоттық жобаны іске қосты. Қазіргі уақытта қатысушылар саны 500-ден астам жүргізушіні құрады», – делінген комитет хабарламасында.
Комитет хабарлауынша, жоба бірінші кезекте жүргізушілердің еңбек қауіпсіздігі үшін жасалған. Яғни таксопарктердің делдалдық қызметтерін алып тастау, бұл ақшаны үнемдеуге және оларды салықтар мен әлеуметтік төлемдерге бағыттауға мүмкіндік беріп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесіне жол ашады.
Бұдан бөлек, салық органдарына бармай-ақ Яндекс платформасы арқылы кәсіпкерлікті тіркеліп, табыстың 1% мөлшерінде салық төлеп, қызметкер алатын болса, табыстың 10%-ы салыққа алынады. Бұл қосымша есеп тапсырып, салық пен әлеуметтік төлемдерді есептеуден босатады.
«Жүргізушілердің келісімімен салықты және әлеуметтік төлемдерді ұстап қалу мен аударуды Яндекс жүргізетін болады. Бұл ретте әлеуметтік төлемдер такси жүргізушісінің алған табысының сомасына қарай айқындалатын болады», – делінген комитетте.
Алдағы уақытта бұл жобаға Glovo, Wolt, InDrive сынды компанияларды тарту жоспарлануда.
Шілдеде Мемлекеттік кірістер комитеті «eSalyq Business» мобильді қосымшасын пайдалана отырып жүргізілетін салық режимі негізінде пилоттық жобаны іске қосуы керек болған. Платформаға такси жүргізушілері мен курьерлер тіркеліп, салық пен әлеуметтік сақтандыру төлей алады делінген.
2021 жылдан бастап курьере өздерінің еңбек қауіпсіздігіне қатысты мәселені қозғап бірнеше рет қарсылық акцияларына шыққан. Осыдан кейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік кірістер комитеті бірлескен жоба бастау туралы сөз қозғалған.