Экология министрлігі «ауру қаупін төндіріп» отырған ақбөкендердің санын екі есеге қысқартуды жоспарлап отыр

Жарияланды
Ақбөкендердің санына шектеу енгізілмек / shutterstock

Ақбөкендердің тығыздығының жоғарылауына байланысты ауыл шаруашылығы жануарларының ауру қаупі бар.
«Ашық НҚА» порталында талқыланып жатқан Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті дайындаған құжатта осылай жазылған.

Қоғамдық талқылаудан соң Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы Жануарлар дүниесін қорғауға қатысты бұйрығына өзгеріс енгізуді көздейтін құжат редакцияланған нұсқада қолданылады. Тапсырманың орындалуын бақылау осыған жауапты Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелген.

Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрық жобасына салыстырма кестеде:

«2023 жылғы авиациялық есепке алу деректері бойынша Қазақстанда ақбөкендердің саны 1,9 млн-нан астам дараққа жетті, үш популяцияның өсімі 597 мың дарақты немесе өткен жылғы көрсеткіштен 45,3%-ды құрады. Ең көбі – Орал популяциясы – 1,13 млн дарақ, Бетпақдала – 745 300 дарақ, Үстірт-39 700 дарақ», – деп жазылған.

Осы құжатта егістіктердің жойылу жиілеп жатқанына назар аударылады.

«Сондай-ақ жайылымдар мен суару үшін ауыл шаруашылығы жануарларымен бәсекелестіктің күшеюімен егістіктерді жаю жағдайлары жиілеп кетті», – делінген салыстырма кестеде.

Ақбөкендер санының ұлғаюы ауыл шаруашылығы жануарларына қауіп төндіріп тұр екен.

Бұл туралы салыстырма кестеде: «Сонымен қатар ақбөкендердің тығыздығының жоғарылауына байланысты ауыл шаруашылығы жануарларының ауру қаупі бар. Ақбөкендердің оңтайлы санына қол жеткізу мақсатында оны тұрақты пайдалану мәселесі қарастырылуда. Осыған байланысты үш популяциядағы ақбөкендердің тұрақты санын бекіту қажет», – деп жазылған.

Салыстырма кестеде аң аулау объектілері санының жануарлар түрлерінің орнықты санының нормативтері көрсетілген. Осы жерде бұлан – 1700, Марал, аскания бұғысы – 6 мың, Сібір елігі – 46 мың, Сібір тау текесі -16 мың, Қабан – 14 мың деп нақтыланған. Ал киік деген баған да Бетпақдала популяциясы – 500 мың, Орал популяциясы – 300 мың, Үстірт популяциясы – 200 мың деп көрсетілген. Осы жердегі ескертуде:
«Орнықты сан (дарақпен) мынадай сапалық көрсеткіштердің есебінен қалыптасады: аң аулау объектісі болып табылатын жануарлар түрлері популяциясының саны мен жыныс-жас құрылымы; аналықтардың өнімділігі; жыл сайынғы өсім мөлшері; өлім-жітімге ұшырау», – деп жазылған.

«Бекітілген аңшылық шаруашылықтарының аумағында дериваттарды (мүйіздерді) қоспағанда, ақбөкендерге әуесқойлық (спорттық) аң аулау бөлінген квотаға сәйкес жүзеге асырылады... Резервтік қор аумағында ақбөкендерге аң аулауды жүргізуге арналған Лимит биологиялық негіздеме негізінде белгіленеді... Аңшылық алқаптарының резервтік қорының аумағында ақбөкендерге кәсіпшілік аң аулауды жүргізуге өтінім осы Қағидаларға 12-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жергілікті атқарушы органға беріледі» делінген құжатта.

Қазір ақбөкендерді ату, санын азайту мәселесі өзекті болып тұрса, бұған дейін елімізде киік өсіріп, кәсіпке айналдыру мүмкіндігі зерттелген болатын.

Қыркүйек айында Қазақстан киік популяциясын 2,6 млн-ға жеткізген жалғыз мемлекет екені мәлімделді. Сонымен қатар ақбөкендер елімізге 12 млрд теңгеге жуық шығын әкелгені жарияланды

Жалпы елімізде 1999 жылдан бері киік санының күрт азаюына байланысты ақбөкендерді атуға 2024 жылға дейін тыйым салынған. Бірақ соңғы жылдары ақбөкендердің саны артқан. Биыл көктемде киіктердің популяциясына әуеден жүргізілген санақ Қазақстан бойынша ақбөкендердің жалпы саны 1,9 млн басқа жеткенін, күзде 2,6 млн-ға жететіні болжанған. Кеңес өкіметі тұсында киіктің саны 1,2 млн-ға дейін ғана өскен. Әлем бойынша ақбөкендер популяциясының 98%-ы Қазақстанды мекендейді. Яғни 300 мың бас киіктің саны жылдар өте келе 2,6 млн-ға жеткен.

Жоғарыдағы жағдайды ескере отырып, киіктер реттелуі тиіс жануарлар тізбесіне енді.

Ақбөкендердің айналасындағы әңгіме шарықтау шегіне жеткенде ел арасында Қазақстанда ақбөкен етінің консервілері пайда болуы мүмкін деген сөз тарады. Тіпті БАҚ өкілдері «Консервілерді Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті ет зауыттары дайындауға әзір» деген ақпарат таратты.

Бұдан кейін ақбөкенді атуға рұқсат 4200 теңгеден сатылып жатыр деген шу шықты. Бұл ақпартқа Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев жауап берді.

«Жалпы, осы науқанды дайындаған кезде екі тәсіл қарастырылды. Біріншісі – қарал тәсілімен тор құру арқылы ұсталып, бауыздалып, комбинаттарға жеткізіледі. Екіншісі – түн ішінде ату тәсілі. Біз алғашқыда қарал тәсілімен азайту науқанын бастаған болатынбыз. Бірақ соңғы екі аптада жаңбыр көбейіп, бұл тәсілді қолдануда біраз қиыншылықтар туындады. Сол себепті биологиялық негіздемеде көрсетілген екінші тәсілді де қолдануға шешім қабылдадық. Бүгінде бұл жұмыстар тоқтап тұр. Өйткені оған біраз дайындық қажет болып жатыр. Киік аңшылыққа арналған жануар», – деді Экология және табиғи ресурстар министрі.

1 қазан мен 15 қараша аралығында киікті атуға рұқсат берілді.
Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті дайындаған құжатта:

«Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы әзірлеген биологиялық негіздемеге сәйкес, жыныс құрамы мен мекендеу ортасына қарамастан, киікті аулау мерзімін 1 қазаннан 15 қарашаға дейін белгілеу ұсынылды. Бұдан бөлек, борсық, жанат тектес ит, гималай ұлары, кекiлiкке, қырғауылға қатысты аң аулауды өткізу мерзімдерін осы бұйрықтың орыс тіліндегі мерзімдермен сәйкес келтіру қажет», – деп жазылды. Ал аң аулау қағидаларына қатысты дайындалған 11- қосымшаға түсіндірме жазбада киікті сақтау бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде олардың саны 1,9 млн дараққа дейін жеткені нақтыланып, бұл сан 770 мың болса жеткілікті екені түсіндірілді.

2 Қарашада Астанада өткен брифингте Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ақбөкеннің етін шетелге экспорттауға қатысты сұраққа жауап берді.

«Министрлік ақбөкеннің етін шетелге сатуды жоспарлап отырған жоқ. Тіпті ішкі нарықта, базарларымызда киік етін ешқайсымыз көрген жоқпыз. Астана маңайында бір көлік ет тиеген адамның ұсталғаны туралы ақпарат болды. Ол заңсыз жұмыс істеген. Қазір біздің құзырет бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінен консерві, субөнім жасауға стандарт жасауды сұрап отыр. Сол стандарттау жағынан жұмыс жүргізіп жатырмыз», – деді министр.

Сондай-ақ оқыңыз