Қазақстандағы ең дәулетті жанның біріне тиесілі шахтада жұмысшы қаза тапты

Жарияланды
«Қазақмыс» шахтасында жұмысшы қаза тапты / shutterstock

«Қазақмыс» компаниясына қарасты Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында жұмысшы қаза тапты. Бұл туралы компанияның сайтында жарияланды.


«Қазақмыс» компаниясы 2023 жылы 05 қарашада Шығыс Жезқазған кенішінің №57 шахтасында болған жазатайым оқиға туралы өкінішпен хабарлайды» – делінген ресми ресурста.

Арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себебін анықтап жатыр.

«Жұмысты орындау кезінде 1984 жылғы тау кен шебері өлімге әкелетін жарақат алды. «Қазақмыс» компаниясының басшылығы мен еңбек ұжымы марқұмның туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады», – делінген сайттағы жазбада.


«Қазақмыс» тобына қарасты Ұлытау облысындағы Жыланды кенішінде биылғы жылдың 26 қазанында да жазатайым оқиға тіркелген. Салдарынан 6 адам зардап шеккен.

Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі: Екінші ауысымда конвейер учаскесінің бастығы 6 жұмысшыдан тұратын бригаданы жинақтауыштың жетек барабанына авариялық жөндеу жұмыстарын жүргізуге жіберді. Конвейер лентасының шығыршықтарын тексеру кезінде жұмысшылармен бірге дестелеуші платформа кен жағалауына опырылып түсті. Команданың 6 мүшесі Жезқазған медициналық орталығына жатқызылды», – деп хабарлаған болатын.

Жалпы, «Қазақмыс» компаниясына қарасты кәсіпорындарда соңы қайғылы оқиғаға апаратын оқыс оқиғалар жиі тіркеледі. Шахтерлар компанияға қарсылық білдіріп, ереуілге шығып тұрады.

Биыл 13 тамызда түнгі ауысымға шыққан Сәтбаев қаласындағы №65 шахтаның жұмысшылары жұмысын тоқтатты. Олар «Қазақмысқа» еңбек жағдайын жақсарту, жұмысшылардың бір жылдық еңбегін еңбек өтілінде бір жарым жылмен санау, ескі тау-кен жабдықтарын ауаны тазалайтын кондиционері бар жаңа жабдыққа ауыстыру жөнінде талап қойды.
Бұған дейін Ұлытау облысының прокуратурасы Жезқазған және Балқаш ЖЭО-сына иелік ететін «Kazakhmys Energy» ЖШС қызметін тексеріп, 600-ге жуық заң бұзу дерегін анықтады. Осыған байланысты «Kazakhmys Energy» ЖШС-ға 27 млн теңге айыппұл салды.

Тексеріс қорытындысында өнеркәсіптік қауіпсіздік, техникалық реттеу, электр энергетикасы, еңбекті қорғау салаларында, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар сақталмағаны анықталды.

Айта кетейік, «Қазақмыс» корпорациясының сүбелі үлесі Forbes нұсқасы бойынша еліміздегі ең дәулетті адамның бірі Владимир Ким мырзаға тиесілі. Оның активтерінің арасында KAZ Minerals Ltd 63,5% үлесі және Kazakhmys Copper 70%-ы бар, соңғы аталған компанияға «Қазақмыс» корпорациясы, және Bank RBK 89,71% -ы тиесілі.

Kazakhmys Copper-дің 30%-ы Эдуард Огай мырзаға тиесілі. Оның дәулеті 750 млн доллар және ең дәулетті қазақстандыөқтар тізімінде 11-шы тұр. Ол «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген Kazakhmys Holding Limited жеке компаниясында үлесі бар және екі баласымен бірге «Қаражыра» көмір өндіруші компанияның 70%-ына иел3к етед37

Сондай-ақ оқыңыз