Энергетика министрлігі цифрландыру науқанын бастап кетті. Дүйсенбі күні өткен брифингте сала басшылары оның жай-жапсарын баяндады. Астана қаласының тұрғындарына 2024 жылдың I тоқсанынан бастап электр жеткізушісін өз бетінше алмастыру, яғни қалауы бойынша бір жеткізушіні екінші жеткізушіге ауыстыру құқы беріледі. Қанатқақты жоба Астанадан басталады.
Мұның себебін журналистерге Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс: «Елордада электр энергиясын жеткізушілер арасында бәсекелестік бар. Бүгінде Астанада 20-ға жуық жеткізуші жұмыс істейді. Жоба олардың арасындағы бәсекелестіктің дамуына ерекше серпін береді», – деп түсіндірді.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, Энергетика министрлігі 2024 жылдың I тоқсанында жеке тұлғалар мен компаниялар үшін қанатқақты жоба режимінде цифрлық аккаунт құрады. Осы аккаунта қуат көзін жеткізуші компанияны таңдау қызметі болады.
Энергетика саласының цифрлық трансформациясы 2 кезең бойынша жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде бірнеше модуль, оның ішінде электр энергиясын жеткізушіні өзгерту функционалы бар «Электр энергиясын тұтынушыларға арналған цифрлық кабинет» модулі іске қосылады. Осы модуль пәтер иелеріне электр қуатын жеткізушілерді таңдау мүмкіндігін ұсынады.
Елімізде 2022 жылы 12,7 млрд кВт сағат электр энергиясы өндірілді. Биыл 114,9 млрд кВт сағат қуат көзін қалыптастыру көзделіп отыр.
Елімізде мұнай кен орындары және жанар-жағармай өндіру, тасымалдау, сату нысандары да цифрландырылады.
«Мұнай саласын цифрландыру кезінде мұнайшылар жұмыссыз қалмайды деп ойлаймын. Себебі цифрландыру жобалары мемлекеттік бақылау және қадағалау фунцияларын жақсарту, энергетикалық ресустарды цифрлық есеп алуды көздейді. Салық органдары тиімді жұмыс істеу үшін есеп цифрлық түрде болуға тиіс. Мысалы, кейбір бизнес өкілдері есепке алу қондырғыларын қойдырмаудың амалын жасайды. Алайда бұл есеп Үкімет пен халыққа керек. Ол бюджетке салықтың көбірек түсуіне септігін тигізеді, – деді Б.Ілияс.
Энергетика вице-министрі цифрлық есеп жүргізу үшін барлық субъектілерге датчик орнатылатынын мәлімдеді.
«Датчиктер мұнай кен орындары, мұнай өңдейтін зауыттар, жанар-жағармай құю бекеттеріне орнатылады. Біз мұнай өңделгеннен бастап, мұнай өнімі сатылғанға дейінгі кезеңді цифрлық түрде көруіміз керек. Осылайша, тиісті ақпаратты қашықтан алып отырамыз», – деді Энергетика министрінің орынбасары.