Отбасылық бизнес: еліміздің 4 қаласында 4 млрд теңгенің есірткісі тәркіленді

Жарияланды
наркотики
Фото: polisia.kz

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті құрамында көкнәр сабаны мен апиын қоспалары бар тағам көкнәрін шетелден жеткізу арнасының жолын кесу бойынша кең ауқымды арнайы операциясы аясында айналымға апиынның бір миллионнан астам бір реттік дозасын жіберуге тосқауыл болды, деп хабарлайды Polisia.kz.

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бұл операцияны Батыс Қазақстан облысының полициясымен және көлік полициямен бірлесіп жүргізген.

«Арнайы мақсаттағы бөлімшелердің қолдауымен құрылған жедел-тергеу топтары Орал, Ақтөбе, Шымкент және Алматы қалаларының аумағында Алматыда апиын көкнәрін сатып алып, оны еліміздің батысында сатқан сегіз адамды ұстады. Есірткі трафигін Шымкент қаласының 50 жастағы тұрғыны ұйымдастырған. Ол Ақтөбе мен Оралдағы төрт дүкеннің иесі болып шықты. Сол арқылы күдікті есірткі жасауға арналған көкнәр сабаны мен өнеркәсіптік еріткішті сатқан. Полиция бір мезгілде Астана, Алматы, Орал, Шымкент, Ақтөбе, Қостанай, Көкшетау, Рудный қалаларында 35 тінту іс-шарасын жүргізіп, күдіктілерді ұстады», – дейді ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Сарқытбай Құсайынов.

Орал қаласында жүргізілген тінту барысында екі дүкенде 13 қап кептірілген көкнәр сабаны, еріткіші бар қораптар, таразылар, есірткі саудасынан алынған ақша ағындары тіркелген кассалық журналдар тәркіленген. Ал Ақтөбеде тағы 68 қап көкнәр сабаны мен еріткіші бар қаптамалар табылған.

Шымкентте қылмыстық бизнесті ұйымдастырушы ұсталып, оның үйінен есірткі саудасының қаржы ағындары тіркелген алты кассалық журнал, бес қап кептірілген көкнәр сабаны, Toyota Land Cruiser Prado 150 жол талғамайтын автокөлік, сондай-ақ DAF ауыр жүк көлігі табылған.

Ал Алматыда қылмыстық топ мүшелерінің бірі жалға алған қойма үй-жайларына тінту жүргізіліп, 22 тоннадан астам көкнәр сабаны, сондай-ақ BMW X5 автокөлігі анықталып, тәркіленген.

Осы уақытта көлік полициясы да тексеру жүргізіп, Астана, Алматы, Қостанай және Рудный қалаларында апиын көкнәрін сату бойынша ортақ отбасылық қылмыстық бизнесті жолға қойған жеті фигурантты ұстаған.

«Жүргізілген арнайы операциялар нәтижесінде қылмыстық топтың 15 мүшесі ұсталды. Олар 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. 104 тоннадан астам көкнәр сабаны, 600-ден астам «тропикамид» және «мидекс» дәрілік препараттарының бөтелкелері, шамамен 5 млн теңге, 4 автокөлік және DAF ауыр жүк көлігі тәркіленді. Бұл ретте бір реттік доза үшін 0,2 грамм экстракциялық апиын жеткілікті екенін атап өткен жөн. Осылайша айналымға апиынның бір миллионнан астам бір реттік дозасы жіберілмеді. Тәркіленген өнімнің құны 4 млрд теңгеге бағаланады», – деді Сарқытбай Құсайынов.

Елімізде есірткі саудасы қызып тұр. Бұл қылмыс көбінрде шетел азаматтарының қатысуымен жүргізіледі. Осыған орай, жақында Ұлттық банк елімізде 1,5 мыңға жуық банк картасын шетелдіктер есірткі саудасы үшін қолданатынын анықтап, шектеу шараларын енгізді.

Тоғыз айдың ішінде Қазақстан Респубикасы аумағында 2700 есірткі сайты бұғатталған. Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып есірткі заттарын өткізудің 343 фактісі анықталған.

Қазан айының басында Ұлттық қауіпсіздік комитеті полиция органдарымен бірлесе Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізіп, Қытай, Өзбекстан мен Қырғызстанмен шекарада заңсыз қару сатып, есірткі таратып, өзге де ауыр қылмыс істеді деген күдікпен 72 адамды ұстады.

Сондай-ақ оқыңыз