9 айда 900 млрд теңге: МӘМС-ке төленген қаражат қайда және қалай жұмсалды?

Жарияланды
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры 8,5 млрд теңгені өзіне жұмсаған/Фото: kursiv.media

2023 жылдың 9 айында Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Ұлттық Банктегі шотына аударылған МӘМС жарнасының көлемі 884,8 млрд теңгені құраған. Бұл жайлы қордың баспасөз қызметі хабарлады.

«2023 жылдың 9 айында Қордың Ұлттық Банктегі шоттарына МӘМС-ке арналған жарналар мен аударымдар түрінде 884,8 млрд теңге түсті. Оның 37,5%-ын жұмыс берушілер төлесе, 33,3%-ын 15 санаттағы азаматтардың сақтандыруын қамтамасыз ететін мемлекет төледі, ал 29,1%-ы жұмыскерлер, жеке кәсіпкерлер мен өзін-өзі төлеушілерге тиесілі»,- делінген хабарламада.

Бұл қаражаттың 331,5 млрд теңгесі жұмыс берушілерден түссе, 294,4 млрд теңгесі мемлекеттен түскен. Ал жұмыскерлер мен жеке кәсіпкерлерден түскен қаражат көлемі 257,6 млрд теңгені құраған. Жиналған қаражаттың 8,5 млрд теңгесі ӘМСҚ және оның 20 филиалдарының жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалған екен.

«Қорға қатысты жиі айтылатын сынның бірі – Қор өзінің қызметін қамтамасыз етуге көп қаражат жұмсайды деген көзқарас (шығындар ішіне – жалақы, қызметтік орындарды жалға алу, техникалық қолдау және т.б. арналған ағымдағы шығындар кіреді). Аталған шығындардың максималды мөлшері Үкіметтің қаулысымен шектелген. Осылайша, рұқсат етілген ең жоғары деңгей – Қорға түсетін түсімдердің 1,33%-дан артық болмауы тиіс. Есепті кезеңнің қорытындысы бойынша ӘМСҚ және оның 20 филиалдарының жұмысын қамтамасыз етуге жұмсалған қаражат мөлшері 8,5 млрд теңгені немесе 0,96%-ды құрады», деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Қор МӘМС бойынша түскен қаражаттың 686 млрд теңгесін медициналық ұйымдар көрсеткен қызметтер үшін төлеген. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлем (ТМККК) бойынша – 1,067 трлн теңге жұмсалған. Солайша 9 ай ішінде пациенттерге көрсетілген қызметтер үшін медициналық ұйымдар Қор арқылы 1,75 трлн теңге қаражат алған. Оның басым бөлігі – стационарлық, емханалық және әлеуметтік маңызы бар аурулар бойынша қызметтерге төленген. Атап айтқанда, 12,5 млн адамға 1,75 трлн теңгеге 200,6 млн медициналық қызмет көрсетілген.

Бұған дейін бірқатар БАҚ-та қор басшылығы миллиондап сыйақы алғаны жайлы ақпарат тараған. Қордың жылдық есебінде көрсетілген 93,8 млн теңге – басқарма мүшелерінің (төрағаны қоса алғанда) 2022 жылы алған жалақы, демалыс және ем-шара жәрдемақыларына жұмсалған. Директорлар кеңесі Қордың Басқарма төрағасының жалақысының шекті мөлшеріне сәйкес қазіргі басқарма басшысы таза қолға 1,39 млн теңге алады.

ДСМ басшысы Ажар Ғиният медициналық сақтандыру қорының топ-менеджерлеріне берілетін сыйақы мөлшерлемесі 600 мың теңгеден аспайтынын айтты. Ол сондай-ақ медициналық сақтандыру қорының топ-менеджерлері 2022 жылы бонус алған жоқ деп сендірді.

Сонымен бірге Ажар Ғиният қазіргі кезде МӘМС арқылы бір адамға 122 мың теңгеге қызмет көрсетілетінін, алдағы уақытта жүйеде қандай өзгеріс болатынын айтып өтті.

Министрдің мәліметінше, МӘМС жүйесін енгізу денсаулық сақтау саласындағы қаржыландыруды 1 трлн теңгеден 2,5 трлн теңгеге дейін арттырған.Қазіргі кезде мемлекет 15 түрлі жеңілдік санатына кіретін 11,7 млн адамға МӘМС жарнасын төлейді. 

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтың  айтуынша, Қазақстанда 3 миллионнан астам адам МӘМС бойынша ай сайын жарна төлемейді.

Сонымен қатар, ДСМ медициналық сақтандыруы жоқ адамдардың көлік жүргізуіне тыйым салуды ұсынып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз