Жаңалықтар

42 аудан, 3 шағын қала әкімдерін сайлау: 29 әкім орнында қалды

Фото: kursiv.media

5 қазан күні Қазақстанның 17 облысында аудан әкімдерінің сайлауы өтті. Орталық сайлау комиссиясы Аудандар мен облыстық маңызы бар қалалар әкімдерін сайлау қорытындысын жариялады.

Бұл сайлау Мемлекет басшысының бастамасымен алғаш рет пилоттық режимде аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларда өткізілді. Сайлау барысында 1553 сайлау комиссиясы жұмыс істеп оған 17 облыстық, 3 қалалық, 42 аудандық және 1491 учаскелік сайлау комиссиялары жұмылдырылған.

Балама негізде өткен сайлау бюллетеньдеріне 125 кандидат енгізілген. Ал сайлауға қатысу көрсеткіші – 62,79%-ды құрады. Сайланған әкімдердің орташа жасы 46,7 жасты құрайды.

«Сайлау науқаны республиканың сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өтті. Дауыс беру күні байқауды Қазақстан Республикасының 8500-ге жуық кандидаттардың сенім білдірілген адамдары, байқаушылары мен БАҚ өкілдері жүзеге асырды», делінген ОСК хабарламасында.

ОСК қорытындысы бойынша 17 өңірдегі сайлау қорытындылары келесідей:

Абай облысының Курчатов қаласының әкімі өзгермеді, Әбдралиев Болат Тансықбайұлы өз орнында қалған. Ал Абай ауданының әкімі ауысып, Мейіржан Смағұлов есімді 1987 жылғы азамат жаңа әкім боп сайланған.  

Ақмола облысының Ақкөл, Астрахан, Есіл, Жақсы, Шортанды аудандарының әкімдерінен үшеуі өзгерген, екеуі орнында қалған. Ақкөл ауданының әкімі ауысып, басшылыққа 1983 жылы туған Әбдірахманов Біржан Тасболатұлы келген. Ол бұрын Ақкөл ауданы әкімінің орынбасары болған. Ал Астрахан ауданына Бұланды ауданының әкімі болған Ерсейітов Талғат Аманбайұлы келсе, Есіл ауданына «Бейсен-1» ЖШС директорының орынбасары Балжанов Серік Мырзасейітұлы сайланған. Жақсы мен Шортанды әкімдері орнында қалған.

Ақтөбе облысы  Қобда, Ойыл, Ырғыз аудандарында бір әкім ғана өзгерген. Қобда ауданына Қобда ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет еткен Тынымгереев Ізгілік Досмұратұлы сайланған. Ал Ойыл мен Ырғыз аудандарыныі әкімдері сайлауда қайта жеңіске жетіп, орнын сақтап қалған.

Алматы облысында екі аудан әкімі сайланған. Балқаш ауданының әкімі болып Құтпанбетов Азат Үкітайұлы сайланған. Ол бұрын әкімнің орынбасары болған. Ал Жамбыл ауданының әкімі Ертас Нұрлан қайта салынған.

Атырау облысы Исатай ауданының әкімі өзгеріп, Мусин Нұрым Бекежанұлы әкім болған. Ал Қызылқоға ауданының әкімі креслосын босатпаған.

Батыс Қазақстан облысы Бөкейордасы, Қаратөбе ауданының әкімдері өзгремеген. Ал Тасқала ауданының әкімі болып, бұрынғы әкімнің орынбасары болған Шакиров Талғат Асқарұлы сайланған.

Жамбыл облысында Жуалы мен Т.Рысқұлов ауданының әкімдері ауыспаған.

Жетісу облысының Сарқан және Кербұлақ аудандарының әкімі де ауыспаған.

Қарағанды облысының Осакаров, Ақтоғай аудандарының әкімі ауыспаған. Ал Приозерск қаласының әкімі болып Ахметов Мансур Талғатұлы сайланған.

Қызылорда облысының Сырдария, Шиелі аудандарының әкімдері ауыспаған.

Қостанай облысының Алтынсарин, Қарабалық, Федоров ауданы мен Рудный қаласының әкімдері ауыспаған. Денисов ауданының ғана әкімі өзгерген.

Маңғыстау облысында Бейнеу ауданынң әкімі болып  Шалбаев Рахымжан Ысқақұлы сайланған. Бұрын Бейнеу ауданы әкімінің орынбасары болған.

Павлодар облысының Ақтоғай, Железин аудандарының әкімдері қалған, Шарбақты ауданына әкімнің орынбасары болған Иманкулов Сержан Ерғалымұлы жаңадан сайланған.

Солтүстік Қазақстанның Есіл және Мамлют аудандарының әкімі болып бұрынғы әкімнің орынбасарлары келсе, Тимерязев ауданының әкімі өзгермеген.

Түркістан облысы Мақтаарал мен Созақ аудандарының әкімі орындарында қалған. Ал Бәйдібек ауданынан «Корпорация» ERNUR» ЖШС директоры Нурмаханов Ерлан Заипович сайланса, Шардара ауданына әкім болып, Шардара аудандық маслихатының төрағасы Карсыбаев Арман Романович сайланған.

Ұлытау облысы, Ұлытау ауданының әкімі де өзгермеген.

Шығыс Қазақстан облысында Алтай ауданының әкімі жаңадан сайланса, Глубокое ауданының әкімі ауыспаған.

Қорытындыласақ, сайлау барысында 42 аудан, 3 маңызы бар қаланың әкімі сайланған. Оның ішінде 29 әкім орнында қалса, біршамасына әкімнің орынбасарлары әкім болып тағайындалған.