ҚТЖ-ның 100 қызметкері санаторийге барғаны туралы жалған анықтама жасаған
Көлік прокурорлары ҚТЖ қызметкерлерінің санаторлық-курорттық емделуде болғаны жайлы жалған анықтама жасату фактілерін анықтаған. Бұл жайлы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Қарағанды көлік прокуратурасы «ҚТЖ» ҰК» АҚ – «Қарағанды магистралдық желі бөлімшесі» қызметкерлерінің сауықтыру үшін қаражат жұмсау кезінде заңдылықтың сақталуына талдау жүргізген. ҚТЖ есептері мен курорттық ұйымдардың ақпараттарын салыстыра келе прокуратура ҚТЖ филиалының емделуді қажет ететін әрбір үшінші қызметкері санаторийге іс жүзінде келмегені және тиісті процедураларды алмағаны анықталған.
ҚТЖ мен оның еңбек ұжымы арасында жасалған ұжымдық шартта жұмыс беруші мұқтаж жұмысшыларға жеңілдік шарттарымен санаторлық-курорттық емделуге жолдамалар беруге немесе медициналық көрсеткіштер болған жағдайда, 60 АЕК мөлшерінде материалдық көмек көрсетуге міндетті екендігі көрсетілген. Ол құжатқа сәйкес теміржол саласының қызметкерлері әр 3 жыл сайын емдік санаторийлерге жолдама алуы тиіс. Шартқа сәйкес барлық қаржылық шығындарды Ұлттық тасымалдаушы көтереді.
«Азамат А. осы жылдың наурыз айында сауықтыру орталығында демалғаны туралы құжаттар ұсынған. Алайда медициналық мекеменің жауабынан көрсетілген адамның оларда болмағаны анықталды. Жалпы алғанда прокуратура Қарағанды облысының теміржол саласы қызметкерлерінің курорттық ұйымдардың қызметтерін алу туралы осыған ұқсас 100 жалған есептерін анықтады. Алаяқтық негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, оны жүргізу көлік полициясына тапсырылды», делінген баспасөз хабарламасында.