10 айда жол апатынан зардап шеккен балалар саны 3%-ға артқан: ІІМ мектептерде арнайы инспекторлар отрядын құруды ұсынды
2023 жылдың 10 айында жол көлік оқиғасынан қаза тапқан балалардың саны 14%-ға артқан. Бұл жайлы ІІМ-де өткен брифингте ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова айтты.
«Осы жылдың 10 айында жол көлік оқиғасынан қаза тапқан балалардың саны 14%-ға, ал зардап шеккен балалардың саны 3%-ға артып отыр. Зардап шеккен балалардың жартысынан көбі жолаушылар, ал қалғандары жаяу жүргіншілер. Көп жағдайда балалар ересектер тарапынан тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін зардап шегеді. Себебі олар автоорындықтар, бустерлер және адаптерлер сияқты балаларды ұстайтын құрылғыларды пайдаланбайды», дейді аға инспектор.
Боранова жаяу жүргіншілердің әдетте белгіленбеген жерден жолды кесіп өтіп, жақындап қалған көліктің алдынан жүгіріп өту кезінде және бағдаршамның тыйым салынған сигналына мән бермеген жағдайда жол көлік оқиғасына ұшырайтынын айтады. Сол үшін балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алу шаралары жүргізіліп, оқу орындарында тұрақты негізде жаяу жүргіншілердің жол жүрісі қағидаларын сақтауына және балаларды тасымалдау кезінде балалардың ұстау құрылғыларын пайдалануға бағытталған құқықтық түсіндірулер мен насихат жұмыстары жүргізіледі.
Министрлік өкілі сонымен бірге мектептердің тек 65% пайызында ғана жол жүрісі қауіпсіздігі сыныптары бар екенін және мектептердің тек 40%-ы жол жүрісі қағидаларын зерделеу үшін арнайы алаңдармен жабдықталғанын айтты. Қайғылы оқиғалардың алдын алуда мектептерде жас инспекторларының мектеп отрядтарын ұйымдастыру қажет деп санайды.
«Балалардың жол-көлік жарақаттануының алдын алуда маңызды рөл атқаратын қозғалыстың жас инспекторларының мектеп отрядтарының жұмысын ұйымдастыруды ерекше атап өткен жөн. Олардың басты міндеттері – балалар мен жасөспірімдер арасында жол жүрісі қағидаларын сақтауды насихаттау және жолдағы балалар жарақатының алдын алу», дейді ол.
Жақында Мемлекеттік несие бюросы мен Freedom Insurance сақтандыру компаниясының сарапшылары елімізде көбінесе жол апатына әйелдерге қарағанда ер адамдар, алматылықтарға қарағанда астаналықтар және жастардан гөрі орта жастағы жүргізушілер жиі түсетінін анықтады.
Қазақстанда ерлер жүргізуші әйелдерге қарағанда жол апатына 4,1 есе жиі ұшырайды екен. Осылайша 2022 жылдың қаңтарынан 2023 жылдың тамызын қоса алғанда, сақтандыру компаниясы ер адамның қатысуымен болған 100 493 жол апатын және әйел адамынң қатысуымен болған 24 117 жол апатын тіркеген.
Freedom Insurance мәліметтері бойынша, көлік иелерінің ең қауіпті санаты 30-39 жас аралығындағы жүргізушілер. Аталмыш кезеңде бұл топта 44 261 рет апат болған.
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Түркістан және Жетісу облыстарында басқа өңірлерге қарағанда жол апаты жиі болатынын айтқан болатын. Оның айтуынша көлік апатына негізінен жолдар мен инфрақұрылым жағдайы себеп болады.