Мәдениет және ақпарат министрлігі әлемдегі екінші криптобиржа – Сoinbase сайты неге бұғатталғанын түсіндірді

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы

Фото: kursiv.media

Мәдение және ақпарат министрлігі әлемдегі екінші криптобиржа – Сoinbase сайтының Қазақстан аумағында неге бұғатталғанын түсіндірді. Қазір https://www.coinbase.com сайты елімізде ашылмай тұр. Министліктің ресми жауабында аталмыш сайт «Қазақстан Республикасындағы Цифрлық активтер туралы» заңды бұзған соң бұғатталғаны жазылған.

Ақпарат комитетіне Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш министрлігінен сайтты бұғаттау туралы сұраныс келіп түскен.

«Мәдениет және ақпарат министрлігінің Ақпарат комитетіне ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінен https://www.coinbase.com интернет-ресурсын бұғаттау туралы сұраныс келіп түсті. Аталмыш сайт «Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы» Заңның 11-бабы, 5-тармағын бұзған. Осыған байланысты, уәкілетті органның 20 шілдедегі № 23-01-3-23/2846 бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағында https://www.coinbase.com интернет-ресурсына қол жеткізу шектелді», – делінген жауапта.

Ал заңның жоғарыда жазылған бабында: «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағында қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді шығаруға және олардың айналымына, сондай-ақ қамтамасыз етілмеген цифрлық активтер бойынша цифрлық активтер биржаларының қызметіне тыйым салынады» делінген. Яғни, Қазақстанда ештеңемен қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді сатуға болмайды. Бұндай активтер тек «Астана» халықаралық қаржы орталығының аумағында саудаланады. Қазақстан аумағында жұмыс істуге Binance, CaspianEx, Biteeu, ATAIX, Upbit, Xignal&MT және Bybit криптобиржасы рұқсат алған.

8 қазанда Нью-Йорк тауар биржасының www.cmegroup.com мекенжайындағы сайты Қазақстанда VPN-сіз ашылмай қалған. Алайда Қазақстаннан тыс жерде әлемдегі ең көне сауда платформасының веб-сайтына VPN желісінсіз кіруге болатын Яғни, ең ірі мұнай фьючерстік биржасы – NYMEX-тің сайты Қазақстанда іс жүзінде бұғатталған.

Қазақстанда «Interactive Brokers LLC» компаниясының www.interactivebrokers.com сайты да бұғатталғаны белгілі болды. Interactive Brokers LLC – орташа күнделікті кіріс бойынша сауда-саттық саны бойынша Америка Құрама Штаттарындағы ең ірі электрондық сауда платформасын басқаратын трансұлттық брокерлік фирма.

Сол кезде Мәдениет және ақпарат министрлігінің берген  жауабына сәйкес, www.interactivebrokers.com веб-сайты 2022 жылдың 10 қарашасында «қаржы пирамидасы және басқа да алаяқтық ұйымдардың қызметі үшін» «Киберқадағалау» 10 ақпараттық жүйесіне енгізілген.

Ал 30 қазанда Нью-Йорк тауар биржасы мен Interactive Brokers компаниясының Қазақстанда бұғатталған сайты қайта ашылды.

Сондай-ақ оқыңыз