Дүниежүзілік банк «Бәйтерек» ҰБХ жұмысына өзгеріс енгізуді ұсынды
Дүниежүзілік банк Қазақстандағы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі жұмысын қайта қарап, оны саяси және бюджеттік жүйеден тәуелсіз институтқа айналдыруды ұсынды. Бұл туралы ДБ сарапшыларының жаңа есебінде жазылған.
ДБ сарапшыларының айтуынша, ірі көлемдегі субсидияларды тарату, қаржы нарығына тікелей әсер ету арқылы «Бәйтерек» холдингі бәсекелестікті тежеп, жеке инвестицияларға кедергі болып отыр.
Егер холдингтің жұмысы өңдеуден өтетін болса, «Бәйтерек» «жасыл» экономикаға бет бұрудан көп пайда көріп, «жасыл» инвестициялар аумағында әлем бойынша көшбасшы болуға мүмкіндігі бар.
«Өзгерістерге сапар: Жаңа нарық құрып, оны дамыту үшін Қазақстанның ұлттық қаржы холдингін өзгерту» атты есепте қаржы нарығын дамыту үшін елдегі институттардың дайындығына баға берілген. Оның аясында холдингтің тапсырылған қаржыны дұрыс жұмсауы мен тәуекелдерді басқаруына көп көңіл бөліп, жұмысын жақсартуға ұсыныстар айтылған.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі қазақстандық мемлекеттік холдингі шағын және орта бизнесті, ауыл шаруашылығы мен тұрғын үй құрылысын қоса алғанда, экономиканың бірқатар секторларын жеңілдікпен қаржыландырып, тәуекелдерге баға беріп, елдегі бизнес кеңістігін басқарады. 2022 жылға қарай «Бәйтеректегі» шоғырланған активтер әсерінен ЖІӨ 12%-ға дейін өсті. Осылайша холдинг шикізаттық емес экономика секторындағы үлкен катализаторға айналды.
Алайда ауқымды субсидиялар беру, қаржы нарығында өзіндік артықшылықтармен бәсекені жою арқылы «Бәйтерек» жеке капиталдың нарыққа шығуына және қаржылық қызметтер ауқымын кеңейтуге кедергі келтіруі мүмкін. Бұл мәселелер холдингтің дамып, өз мақсаттарына жетуіне де кедергі келтіреді.
Қазірдің өзінде «Бәйтерек» қызметінің тиімділігі мен басқару сапасын арттыру үшін қайта құру процессін бастады. Дүниежүзілік банк осы бағыттағы жұмыс жылдамдату қажет екені жазған.
«Есепте «Бәйтеректі» тиімді қаржы институтына айналдыруға арналған ұсыныстар бар. Ол бойынша холдинг бенефициарларға оң әсер етуге, жеке қаржы нарықтарын құруға және жеке капиталды дамытуға жол ашуы қажет», – дейді Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы өкілі Андрей Михнев.
Зерттеу авторларын холдингтің ШОБ пен жеке кәсіпті дамытуға деген ұмтылысы қуантқан. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты реттеу әдістемесін жетілдіріп, қаржы нарығын құруға көп назар аударуды ұсынған.
«Бәйтерек» экологиялық, әлеуметтік және басқарушылық міндеттер бағдарламасын (ESG) белсенді түрде қолданып келеді. Осы бағытта холдинг климаттың өзгеруі салдарынан болатын зардапты азайту жолдарын іздеп, экономика мен қаржы нарығында ESG қағидаларын дамыту арқылы «жасыл» энергиямен климаттық қаржыландырудан пайда көре алады.
Дүниежүзілік банктің кешенді бағалауы мен ұсыныстары шикізаттық емес секторды ұзақ мерзімді дамытуға, тиімді қаржы нарығын дамытуға, жәрдемдесуге және жеке капиталды тиімді жұмылдыруға бағытталған Қазақстан Үкіметі үшін стратегиялық жол картасы бола алады.
«Өз саласындағы жобаларға толық жауапты болу үшін «Бәйтерек» саяси және бюджеттік жүйеден тәуелсіз болуы шарт. Оның сенімді бағалау жүйесімен, тәуелсіз мониторинг және объективті талдау мүмкіндіктері болуы қажет», – деді Дүниежүзілік банктің жетекші экономисі Мартин Мелецки.
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» – Қазақстан экономикасын әртараптандыру, инновацияларды қолдау, экспортты дамыту, еңбек өнімділігін ұлғайтуды қолдайтын, оны дамыту жөніндегі міндеттерді іске асыруды қамтамасыз ететін ұлттық институт.
Оның жалғыз акционері – Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті. Холдинг 2022 жыл үшін 58,6 млрд теңге дивиденд төлейтінін жариялады. Қазан айында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің ұжымына жаңа басшы болып Нұрлан Байбазаров тағайындалды.
Бүған дейін «Бәйтерек» холдингі компаниялары қанша дивиденд төлейтінін жазғанбыз.