АШМ министрі киіктің етін қайда сататындарын айта алмады
Сейсенбі күнгі Үкімет отырысынан кейінгі брифингте Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қазақстанда атылған ақбөкендердің еті қайда сатылады деген сұраққа күмілжіп жауап берді.
«Жалпы, киікпен Экология министрлігі айналысатынын білесіздер. Жақында киіктердің етін ет комбинаты сатады деген шешім қабылданды. Бұл жұмысқа «Охотзоопром» мемлекеттік кәсіпорны да жауап береді. Ауыл шаруашылығы министрлігі ретінде біздің жұмысымыз ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету», – деді министр.
А. Сапаров ақбөкеннің еті нақты қайда сатылатынын тап басып айта алмады.
«Біз 7 ет комбинатын анықтадық. Онда ветеринарлар бар. Олар өнімнің сапасы мен ветеринарлық қауіпсіздікке жауап береді. Ал қайда өткізіп, сататынымызға байланысты мониторинг жүргізіп жатырмыз. Оны кейін қосымша хабарлаймыз», – деді Ауыл шаруашылығы министрі.
Бұған дейін Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев ақбөкеннің етін шетелге экспорттауға қатысты сұраққа жауап берген.
Сонда ол Ауыл шаруашылығы министрлігі киік етінен консерві, субөнім жасауға стандарт жасауды сұрап отырғанын мәлімдеген.
«Барлығы сұранысқа байланысты. Ақбөкеннің етіне сұраныс білдірген елге сауда жағынан ұйымдастыру шараларын шешуге көмек көрсетеміз. Ең бастысы, техникалық реттеу, қауіпсіздік және сапа талабы сақталуы тиіс», – деген болатын А.Шаққалиев.
Елде Қазақстанда ақбөкен етінің консервілері пайда болуы мүмкін деген ақпарат тарады. БАҚ өкілдері «Консервілерді Батыс Қазақстан облысындағы жергілікті ет зауыттары дайындауға әзір» деп жарыса жазды.
Айта кетейік, Экология министрлігі ақбөкендердің популяциясына қарсы шараны жүзеге асырып жатыр. Бұған ақбөкендердің шамадан тыс көбеюі себеп болып отыр.
Қыркүйек айында Қазақстан киік популяциясын 2,6 млн-ға жеткізген жалғыз мемлекет екені мәлімделді. Сонымен қатар ақбөкендер елімізге 12 млрд теңгеге жуық шығын әкелгені жарияланды.
Жалпы елімізде 1999 жылдан бері киік санының күрт азаюына байланысты ақбөкендерді атуға 2024 жылға дейін тыйым салынған. Бірақ соңғы жылдары ақбөкендердің саны артқан. Биыл көктемде киіктердің популяциясына әуеден жүргізілген санақ Қазақстан бойынша ақбөкендердің жалпы саны 1,9 млн басқа жеткенін, күзде 2,6 млн-ға жететінін болжаған. Кеңес өкіметі тұсында киіктің саны 1,2 млн-ға дейін ғана өскен. Әлем бойынша ақбөкендердің 98%-ы Қазақстанды мекендейді.