Қазақстан Статиге бір теңге де төлеген жоқ – Әділет министрі
Фото: kursiv.media
Сейсенбі күнгі Үкімет отырысынан кейінгі кулуарда Әділет министрі Азамат Есқараев экс-әріптесі Марат Бекетаевтан «мұра» болып қалған атышулы Стати ісіне қатысты сұрақтарға жауап берді.
Журналистер министрден М. Бекетаевтың ұсталуы Стати ісіне қалай әсер етуі мүмкін екенін сұрады.
«Бұл іске, Бекетаевтың тұтқындалуына қатысты түсініктеме бере алмаймын, өйткені бұл құқық қорғау органдарының құзырындағы мәселе. Стати ісі бойынша айтатын болсам, біз белгіленген заңнама аясында жұмысымызды жалғастырамыз. Біз мемлекеттік заңнама аясында жұмыс істейміз, бұл мәселеге әсер етпейді», – деді тілшілерге Әділет министрі.
А.Есқараев журналистерге Стати ісі қай сатыда екенін түсіндірді.
«Жұмыс бірнеше юрисдикцияларда жүріп жатыр. Люксембург, Молдова және Қазақстан Республикасы арасында тергеу қылмыстық жолмен жүргізілуде. Басқа елдерде іс азаматтық процесте де, арбитражда да жүріп жатыр. Көптеген юрисдикцияларда жұмыс атқарылуда», – деді министр.
Бақ өкілдері А.Есқараевқа Статидің пайдасына шешілген алғашқы арбитраждың нәтижесін білгілері келетінін жеткізді.
«Шешім 2013 жылы қабылданды. Жұмыс жүріп жатыр. Қазақстан бір теңге де төлеген жоқ», – деп тіл қатты Әділет министрі тілшілерге.
А.Есқараев Әділет министрінің ауысуы Стати ісінде осыған дейін қолданылған тәсілдерге өзгеріс енгізді ме деген сауалға да жауап берді.
«Әрине, біз басымдық беретін тұстарды анықтадық, сәйкесінше жұмыс тәсілін қайта қарадық. Қай бағытқа басымдық беретініміз біздің ішкі шаруамыз. Сондықтан бұл туралы егжей-тегжей айта алмаймын. Жұмысты жаңа компаниялармен жалғастырып жатырмыз. Бұрынғы компаниялардың бірімен келісімшартты бұздық. Осыған байланысты жұмыс қайта құрылымдалды», – деді Әділет министрі.
Бұған дейін Әділет министрі А. Есқараев Стати ісін сағызша созбай, мәселені шешуді қалайтынын мәлімдеді. Өйткені Стати дауының бітпей келе жатқанына 12 жыл болды. Бюджеттен жыл сайын қыруар қаржы шығындалуда. Бейресми мәлімет бойынша, Қазақстан жыл сайын шетелдік адвокаттарды жалдауға ғана 60 млн доллар жұмсап жатыр.
«12 жылдан астам уақыт өтті. Арбитражда Қазақстан уақытын да жоғалтып жатыр, ақша да шығындап жатыр. Бірақ біз өзіміздің жұмысымызды жалғастырып, нақты нәтижеге жетуіміз керек.Өзімнің ішкі ұстанымымды айтайын, бұл мәселені әрі қарай созуға ешқан дай ынтамыз да жоқ, ниетіміз де жоқ. Халықаралық іске асырылып жатқан шаралар оң нәтижесін беріп жатса, бұл мәселені тез шешуге дайынбыз!» – деген болатын А.Есқараев.
Естеріңізге салайық, Қазақстан билігін өздерінің меншігіне рейдерлік жасады деп айыптаған молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Стати 2010 жылы сот арқылы 4 млрд доллар талап етті. 2013 жылдың желтоқсанында халықаралық арбитраждық сот Молдова азаматы Анатол Стати бастаған шағымданушылар тобының пайдасына шешім шығарып, Қазақстанды 506 млн доллар өтемақы төлеуге міндеттеді.
Осының ізінше Қазақстан Ұлыбританияның жоғарғы сотына қарсы шағым түсірді. 2017 жылдың 6 маусымында палата алдыңғы шешімді заңсыз деп танып, молдовалық олигархтарды Қазақстанға жығып берді. Алайда Швеция мен Голландия соты Ұлыбритания жоғарғы сотының үкімі олардың шешіміне өзгеріс енгізе алмайтынын алға тартты. Осылайша Қазақстан молдовалық олигархтарға қарыз болып қалды.\
Айта кетейік, молдовалық AscomGroup S.A. компаниясының басшысы Анатол Стати 2005 жылы Маңғыстау облысындағы Боранкөл газ өңдеу зауытының құрылысына 156,2 млн доллар қаржы құйды. 2009 жылы Қазақстанның қаржы полициясы Ascom Group компаниясына қарасты «ҚазПолМұнай» және «Толқынмұнайгаз» компанияларын тексерді. Сөйтіп шетелдік компанияға мұнай құбырларын лицензиясыз пайдаланып, 21 млрд 675 млн теңге заңсыз табыс тапты деп кінә тақты. Бұған қоса Анатол Статиді газ өңдеу зауытының құрылысына пайдаланылған құрал-жабдықтың құнын 100 млн доллар деп асыра бағалады, көрсетілмеген қызмет түрлеріне 44 млн, орнатылмаған қондырғыларға 72 млн доллар аударды деп айыптады.
2017 жылдың соңғы күндерінің бірінде Анатол Стати мен оның компанияларының Қазақстан үкіметінің үстінен түсірген арызын негізге алған АҚШ-тың Bank of New York Mellon холдингтік компаниясы Ұлттық қорымыздың 22 млрд долларын бұғаттап тастады.
Молдовалық әкелі-балалы олигархтар Анатол Стати мен Габриэль Статидің құрығы 2018 жылдың басында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының мұхиттың арғы жағындағы акцияларына да жетті.
Амстердамның аймақтық соты голландиялық KMG Kashagan BV компаниясындағы «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының 5,2 млрд доллар көлеміндегі активіне шектеу қойды. Өз кезегінде ҚР Ұлттық банкі сотқа шектеуді алу туралы шағым түсірді. Алайда бұл талап орындалған жоқ.
Осыған қатысты сол кездегі Әділет министрі М. Бекетаев: «Қазақстанның бұғатталған қаржысын ешкім тартып ала алмайды. Актив біздің меншікте қалады», – деген пікір білдірді.
«Қазақстанға тек 1 жарым миллиардтан айырылу қаупі төніп тұр. Ол талап арызда көрсетілген сома. Сотта Қазақстанның мүддесін Әділет министрлігі қорғайды. Біздің үкімет молдовалық инвесторға бір тиын да беруге міндетті емес. Сондықтан Лондон сотында Анатолий Статидің алаяқтық жасағанын дәлелдеуге бар күшімізді саламыз», – деген еді М.Бекетаев.
21 қазанда Стати ісімен айналысқан экс министр М.Бекетаев үлестес компанияның мүдделерін қолдап, мемлекетке үлкен зиян келтірді деген күдікпен ұсталды.