Тоқаев әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қалашығын жаңғыртуды тапсырды

Жарияланды
Фото: kaznu.kz

Мемлекет басшысы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаевты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.

ЖОО басшысы президентке университеттегі маман даярлау ісінің, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері туралы баяндап, келесі жылы 90 жылдығын атап өтетін университеттің стратегиялық даму жоспарын таныстырды. Түймебаев қазір университетте жалпы құны 8,1 миллиард теңге болатын 400 ғылыми жоба іске асырылып жатқанына тоқталды.

Ол сондай-ақ мемлекет басшысының мамыр айындағы ҚХР-ға ресми сапары аясында ҚазҰУ-да Қытайдың Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің филиалын ашу жөнінде келісімі іс жүзінде жүзеге асырылып, 12 қазанда университет базасында аталған оқу орнының филиалы ашылғанын мәлімдеді.

Ал 2024-2026 жылдары ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңі бойынша жаңа қалашықта 8 оқу корпусы, технопарк және 12 жатақхана бой көтереді. Ал жақын арада 3180 орындық 3 жатақхананың құрылысы басталмақ.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ЖОО басшысына білім сапасын жақсарту, еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттыру және университет қалашығын жаңғырту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Мемлекет басшысына әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қазіргі кезеңдегі жай-күйі және алдыңғы кезеңдегі білім, ғылымның даму бағыттары таныстырылды. Қазіргі таңда 27 мың студент оқып жатқан университетіміз «QS World University Rankings» бойынша алғашқы 250 оқу орындары қатарына кіреді. Біздің алғ қойған жоспарымыз көп. Соның бірі оқу орнында заманға сай, жаңа технология бойынша ІТ орталығын салу. Сонымен бірге «ҚазҰУ хаб» жаңа орталығын салу жұмыстары басталып кеткенін айта кеткен жөн. Біздің мақсатымыз – университеттің, республиканың білім, ғылымның дамуына үлес қосу және оқу орнының халықаралық беделін арттыру»,- деді кездесуден кейін ҚазҰУ ректоры.

Сондай-ақ оқыңыз