Әлемнің ең лас қалалары рейтингінде Астана 74 орында тұр

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Әлемнің ең лас қалалары рейтингінде Астана 74 орында тұр. Ең ластанған қалалардың рейтингі Іqair сайтында жарияланған.

Бұл рейтингте әлемнің ең лас қаласы ретінде Пәкістанның Лахор қаласы танылған. Ол жердегі ауа сапасының индексі 348-ге тең екен. Екінші орында Индияның Дели қаласы тұр. Бұл қаланың ауа сапасының индексі 306-ға тең. Бұл екі қаланың ауасы адам денсаулығына өте қауіпті саналады.

Үшінші орынға да Пәкістанның Карачи қаласы орналасқан. Ондағы ауа сапасының индексі 176-ны құрайды. Бұл көрсеткіш – адам денсаулығына өте зиян деп бағаланады.

Ал көршіміз Қырғызстанның Бішкек қаласы 9 орында тұр. Ауа сапасының индексі – 141. Мұндай көрсеткіш иммунитеті әлсіз адамдар үшін қауіпті саналады. Түркияның Стамбул қаласының ауа сапасының индексі 80-ге тең. Бұл көрсеткіш ауаның сапасы орташа деңгейде дегенді білдіреді екен. Бұл қала 19-шы орында тұр. Ал АҚШ-тың Вашингтон қаласы Түркиядан 10 орын кейін орналасқан. Ауа сапасы 70-ке тең.

Ал Астананың ауа сапасының индексі 27-ге тең. Мұндай көрсеткіш «жақсы» деп бағаланады. Бас қаламыз солайша 74-ші орынға жайғасқан. Бір қызығы, ең таза қалалар рейтингінде Астанамыз 45-ші орынға орналасқан.

Бұл көрсеткіш тәулік ішінде ауаның жағдайына байланысты өзгеріп отырады. 15:00-дегі жағдай бойынша Елорда 23 орында тұрған. Кейін көрсеткіштер жақсарып, 74-ші орынға шықты.

Еске сала кетсек, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мамандары зерттеу жүргізіп, бірінші орында тұрған Пәкістанның Лахор қаласын ең лас қалаға жатқызған болатын. Бұл қаланың ауасында зиянды бөлшектердің үлесі қауіпсіз деп танылған деңгейден 7 есе асып кеткен.

Осы жылдың сәуірінде ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі экологиялық мониторинг жүргізіп, нәтижесінде еліміздің 8 қаласында атмосфералық ауаның ластануы жоғары деңгейге көтерілгенін анықтаған. Олар – Астана, Алматы, Қарағанды, Теміртау, Атырау, Ақтөбе, Балқаш және Өскемен қалалары. 

Сондай-ақ оқыңыз