130-ға жуық британдық компания Ресейге қарсы санкцияларды бұзғанын мойындады

Жарияланды
Фото: Depositphotos

Ұлыбритания үкіметіне 127 британдық компания Ресейге қарсы санкцияларды бұзғанын мойындап, есеп берді. Заңгерлердің айтуынша, бұлайша өз еркімен мойындау жазаны жеңілдетуге көмектеседі. Өйтпеген жағдайда мұндай компанияларға көлемді айыппұл салынып немесе қылмыстық қудалауға ұшырауы әбден мүмкін.

Financial Times басылымының хабарлауынша, мамыр айының ортасында барлығы 127 британдық компания Ұлыбритания үкіметіне Ресейге қарсы санкцияларды бұзғаны туралы өз еркімен хабарлаған.

Pinsent Masons заң фирмасының өкілі Стейси Киннің айтуынша, мұндай заң бұзушылықты өз еркімен мойындау және тергеушілермен ынтымақтасу компаниялардың санкцияларды бұзғаны үшін жазасының жеңілдеуіне мүмкіндік береді.

Осы тектес заң бұзушылықтарды өз назарында ұстайтын Ұлыбритания қазынашылығының Қаржылық санкцияларды орындау басқармасының (OFSI) өкілі «мекеменің мұндай қателіктерді орынсыз жазалауға тырыспайтынын» жеткізген және бұзушылықтарды бағалау кезінде өз еркімен мойындау секілді жеңілдетілген факторлар ескерілетінін айтқан.

The Times басылымының мәліметінше, Глазгодағы Future Technology Devices International компаниясы бір жылда Ресейге 280 мың доллардан астам қаражатқа жартылай өткізгіштер мен микрочиптер сатқан. Компания өнімдерінің бірі 2022 жылдың наурыз айында Киев маңындағы ресейлік танктен табылған.

Жалпы 2022 жылдың ақпан айынан бастап Ұлыбритания ресейлік 1600-ден астам жеке тұлға мен компанияға санкцияға салған. Санкциялар пакеті аясында британдық компаниялар мен 20-дан астам ресейлік банк, 100 олигархтың ынтымақтастығына мораторий жарияланған. Стейси Киннің айтуынша, Ресейдің әлемдік экономикаға интеграциялану дәрежесіне қарай, санкциялар ауқымы британдық бизнес үшін үлкен сынаққа айналған.

Bloomberg басылымының хабарлауынша ЕО жаңа санкциялар дайындап жатыр. 12 санкциялық пакет Ресейдің 5,3 миллиард долларды құрайтын тауар айналымына әсер етуі мүмкін. Басылымның хабарлауынша, жаңа – 12-ші санкциялар пакетіне 100 жеке тұлғаның, сондай-ақ 40-қа жуық заңды тұлғаның тізімі енеді.

Осыған дейін Bloomberg ЕО жаңа санкциялар пакетін қазан айының бірінші жартысында жариялауы мүмкін екенін жазған болатын. 12-ші пакет санкциясы Ресейдің «БАӘ және Түркия сияқты» үшінші елдер арқылы ЕО санкцияларын айналып өту мүмкіндігін шектеуге бағытталған.  Онда санкциялар негізінен Ресейдің IT секторы мен, сұйытылыған табиғи газға (СТГ) және атом өнеркәсібіне қатысты болатыны айтылды.

Ресейге қарсы санкциялардың 12-ші пакеті аясында Еуроодақ ресейлік атом өнеркәсібіне шектеу қоюды ілгерілетуді жоспарлап отыр. Баслысымның хабарлауынша бұл бастаманы Польша мен Балтық жағалауы елдері көтерген.

Қыркүйекте Еуропалық комиссия  Ресейден ЕО-ға бірқатар тауар тасуға тыйым салған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз