Жаңалықтар

Ресейдің рейтинг агенттігі Қазақстанда Standard & Poor’s, Moody’s, Fitch-пен қатар мойындалатын болды

Фото: kursiv.media

Ресей Талдамалық кредиттік рейтинг агенттігі (АКРА) Қазақстанда Standard & Poor’s, Moody’s және Fitch сынды халықарлық агенттіктерімен қатар мойындалатын болды. Оған ҚНРДА-ның реттеу құжаттарына шетелдік рейтинг агенттерін мойындауға қатысты бірқатар нормативтік өзгеріс енгізгені себеп. Ал АКРА белгіленген шарттарға сай екенін растаған.

«Ресей Талдамалық кредиттік рейтинг агенттігі (бұдан әрі – ТКРА) белгіленген өлшемшарттарға сәйкестігін растады. Жүргізілген бағалау қорытындысы бойынша Агенттік ТКРА-ның рейтингтерін пруденциялық нормативтер мен лимиттерді сақтау мақсатында қаржы ұйымдарының қолдануы үшін таныды», -делінген ҚНРДА хабарламасында.

ҚНРДА Төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдірахмановтың айтуынша, агенттіктің 2023 жылғы шілдеде қабылдаған №67 қаулысында шетелдік рейтинг агенттіктерді тану өлшемшарттары белгіленген.

«Шетелдік рейтинг агенттікті мойындау үшін ол  18 өлшемшартқа сай болуы керек. Оның ішінде ең төмен капиталдың болуы, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін рейтингтеу әдіснамасы мен модельдерін, корпоративтік басқару жүйелерін енгізу, ақпаратты қорғауды және конфиденциалдылықты қамтамасыз етуі бар. Бұдан бөлек, шетелдік агенттіктің рейтингтерін оның шетелдік реттеушісінің тануы, мүдделер қақтығысын болдырмау жөніндегі талаптардың сақталуы, агенттік қызметкерлерінің біліктілік талаптарына сәйкес келуі тексеріледі», – дейді ҚНРДА өкілі.

Қазіргі уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес, қаржы ұйымдарын реттеуде 3 халықаралық рейтинг агенттіктің (Standard & Poor’s, Moody’s және Fitch) рейтингтері пайдаланылады.

Жақында Fitch Ratings халықаралық агенттігі Қазақстанның егемен рейтингін растаған. Ал S&P Global Қазақстандағы бірқатар қаржы ұйымының рейтингін нақтылады

.