Қазақстандық IT компаниялар мамандарды сақтап қалу үшін қандай артықшылықтар ұсынуда?

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Саяси және технологиялық өзгерістерге байланысты Қазақстанның IT-нарығында мамандарға деген сұраныс артып, жас мамандардың өзі былтырмен салыстырған 50 мың теңгеге көп жалақы алған.

EY компаниясы сарапшылары жасаған талдауға сүйенсек, соңғы бір жыл ішінде Қазақстанда IT саласы мамандарының жалақысы күрт өскен. Сарапшылар бұл өзгеріске Орталық Азия елдері мен Қазақстанда IT компаниялардың көбеюі мен шетелден келген релокант мамандармен, Қазақстанға көшкен компаниялардың артуы себеп болғанын айтады. Бұдан бөлек, қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі елдегі сапалы мамандардың халықаралық компанияларға ауысуына алып келген. 

«Қазақстандағы IT компаниялардың 80%-ы еңбек ақыны грейд жүйесімен белгілейді. Яғни маманның қызметі, жұмыс істеу қарқыны және компанияға әкелетін пайдасына баға беріледі. Осылайша мамандар неғұрлым жақсы жұмыс істеп, соғұрлым жоғары жалақы алуға тырысады. Елдегі IT компаниялардың 9%-ы жалақыға қатысты шешімді жиі өзгертіп отырады», – дейді сарапшылар. 

Жалақыны қайта қараудың бірнеше себебі бар:

  • Әр кезең сайын мамандарға жақсы жалақы ұсыну арқылы компания оларды сақтап қалуға тырысады;
  • Жақсы нәтиже көрсеткен мамандардың жалақысы тез өседі;
  • Компания бәсекелестер нарығын зерттеп, өзгеріс енгізіп отырады;
  • Инфляция деңгейі;

Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл саладағы жалақы 8%-11% өскен. Ал жас мамандардың жалақысы былтырмен салыстырғанда 50 мың теңгеге көтерілді.

Компаниялар мамандарды сақтап қалу үшін қосымша жеңілдіктер беруді жолға қойған. Мысалы, олардың 45% сыйақы беруді жөн көреді. Бұған қоса, жұмыс уақытын тиімді жүйелеуге де мән беріледі. 

«60% компания жұмыс уақыты мен жұмыс орнын таңдау мүмкіндігін береді. Мамандардың компания таңдау кезінде бұл өте маңызды аспектілердің бірі. Себебі олар уақытын ыңғайлап, үйде отырып жұмыс істегенді жөн көреді», – дейді сарапшылар.

Бұдан бөлек, компаниялар қызметкерлеріне білім алу, курстарға қатысу сынды мүмкіндіктер береді. Соңғы бір жылда бір қызметкердің білім арттыруға жұмсалатын қаржы орта есеппен 70 мың теңгеге өскен.

Сарапшылар болжамына сәйкес, Қазақстанда IT саласы әрі қарай дами береді. Компаниялардың 90%-ы қазіргі мамандарды сақтап қана қоймай, жаңа қызметкерлер іздеуді жалғастырады. Олар бәсеке төтеп беру үшін жаңа әдістер ойлап табуға тырысады. Қашықтан жұмыс істеу жүйесі мен жаңа технологиялар тенденциясы еңбек саясатына өзгерістер алып келеді.

Сондай-ақ оқыңыз