SPO-ға шыққан KEGOC акцияларының 67%-ын қазақстандықтар сатып алды
KEGOC компаниясы SPO-ға шыққанда оның 67%-ын жеке инвесторлар сатып алған. Бұл туралы SPO-ны қорытындылау брифингі кезінде Самұрық-Қазына төрағасы Нұрлан Жақыпов айтып берді.
«Сатылымға шыққан акцияның 67%-ын қазақстандық жеке инвесторлар сатып алса, 1% шетелдік жеке инвесторлар, 32%-ын қазақстандық институционалды компаниялар сатып алған», – деді Жақыпов.
Оның сөзіне сүйенсек, қазақстандықтар құны 15 млрд теңге болатын 10 млн акцияны сатып алуға өтініш берген. 7 қарашадағы компания директорлар кеңесі мен ел үкіметі шешімінен кейін компаниядағы «Самұрық-Қазына» үлесі 90%-дан 85%-ға дейін кеміді. Ал еркін сатылымда жүрген «KEGOC» акциялары 2,7%-дан 8,1%-ға өсті(БЖЗҚ-ға тиесілі акцияларды қоспағанда).
SPO кезінде инвесторлардан құны 34,8 млрд теңгеге 50 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Бұл компания болжаған сұраныстан 1,5 есе көп. Сараптаудан кейін құны 22,6 млрд теңге болатын өтінішті қанағаттандырылған. Яғни жарияланған 15,3 млн қарапайым акция толық сатылымға шыққан.
Ірі инвесторларға көп акция бермес үшін алдын ала жарияланған акцияларды бөлу критерийлері толық сақталған. Қазақстан азаматтары жіберген өтініштер толықтай қанағаттандырылған. Осылайша жарияланған акцияларды 15,2 млрд теңгеге (67%) Қазақстан азаматтары, 7,2 млрд теңгеге (32%) қазақстандық заңды тұлғалар, 300,5 млн теңге (1%)шетелдіктер сатып алған.
Қайта сатылымға шыққан акциялар инвесторлардың шотына 9 қарашада түседі. 10 қарашада AIX биржасында сатылымға шығару мүмкіндігі ашылады.
«Биылғы жылы дивидендтік саясатқа өзгерістер енгізіліп, таза пайданы бөлу мөлшері 40%-дан 60%-ға дейін ұлғайды. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында KEGOC 20,2 млрд теңге көлемінде дивидендтер төлейді, бұл таза пайданың 87%-ын немесе бір акцияға 77,74 теңгені құрайды. 2023 жылдың екінші жартыжылдығына күтілетін дивидендтерді ескере отырып, 2023 жылға дивидендтердің жалпы сомасы бір акцияға шамамен 145 теңгені құрауы мүмкін. 2014 жылы алғашқы IPO-дан бері «KEGOC» АҚ акцияларының жиынтық кірісі акция бағасының өсуі мен төленген дивидендтерді ескере отырып, 400%-ды құрады, бұл жылына орта есеппен 44%. Сарапшылардың пікірінше, алдағы жылы бір жай акцияның бағасы 1817 теңгеге дейін көтерілуі мүмкін», – деді KEGOC АҚ Басқарма төрағасы Нәби Айтжанов.
Айта кетейік, KEGOC алғаш рет IPO-ға 2014 жылы шыққан. 2023 жылы Самұрық-Қазына KEGOC-ты SPO-ға шығаруға мүдделі екені белгілі болды. 2023 жылдың 16 қазанында SPO-ға өтініш беру басталып, 2 қарашада аяқталды.