Ресейлік «Росатом» мемлекеттік корпорациясы Қазақстанда АЭС салу үшін жоба дайындап беруге әзір. Бұл туралы Казахстанкая правда газетіне берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин айтты.
«Қазақстан басшылығы ел аумағында атом электр станциясын салу туралы сөз қозғаған. Егер бұл жобаны іске асыру туралы шешім қабылданса, «Росатом» жоғары технологияларды қолданып, экология және қауіпсіздік нормаларын сақтай отырып, жоба дайындай алады. Бұл Қазақстан экономикасына дем беріп, ел дамуына жол ашады», – дейді Путин сұхбатта.
Ол «Газпроммен» Қазақстан Үкіметі аясындағы келісімге сай, Ресей Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарына газ жеткізе алатынын да тапа өтті.
Айта кетейік, 1 қараша күні Қазақстан ресейлік «Газпром» компаниясымен газ сатып алу, тасымалдау, өндіру және қайта өңдеуге қатысты стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойған болатын. Келісім аясында Ресей Қазақстанға 3 млрд кубометр газ жеткізетіні сөз болған еді.
Өз кезегінде ресейлік «Известия» газетіне берген сұқбатында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан аумағында АЭС салуға Ресейдің жәрдем беру туралы ұсынысын жоғары бағалайтынын, алайда бұл шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданатынын айтты.
«… Көптеген азаматтар мен сарапшылар атом станциясының қауіпсіздігіне күмән келтіреді. Семей ядролық сынақ полигонының ауыр қасіретін ескерсек, мұны түсінуге болады. Қазақстан аумағында АЭС салу мәселесінде Ресей тарапының жәрдем беру ұсынысын жоғары бағалаймыз. Әйтсе де АЭС құрылысы жөніндегі түпкілікті шешім референдум қорытындысы бойынша қабылданады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бейсенбі, 9 қараша күні Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келеді деп жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, VI Шығыс экономикалық форумының планерлық отырысына қатысқан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикаға АЭС қажет екенін айтты. Кейін АЭС салу туралы шешім жалпы ұлттық референдумда қабылданатыны белгілі болды.
Биыл 5 қазанда Энергетика министрлігінде өткен отырыста Қазақстандағы АЭС құрылысына Ресей, Оңтүстік Корея және Франция елдерінің компаниялары қызығушылық танытып отырғаны айтылған болатын.