Жаңалықтар

Аида Балаева Әли Оқаповтың марапатына қатысты: Орден әншінің өзінде қалады

 instagram.com / aliokapov

Сәрсенбі Мәжілістің кулуарында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әнші Әли Оқаповтың оқиғасына қатысты сұраққа жауап берді.
Министр әншінің «Құрмет» орденінен бас тартып, мемлекетке қайтару туралы шешім қабылдауы қоғамдық қысымнан болғанын түсіндірді.

«Қайтаруға болмайды. Бұл дұрыс емес. Әли Оқапов әлеуметтік желідегі хейтке эмоционалды түрде жауап берді. Бір қызығы, қазір бізде көптеген сарапшылар кез келген тақырыпқа түсініктеме береді. Бұлай жасауға болмайды. Бейнеүндеу жариялағаннан кейін мен министр ретінде Әли Оқаповпен сөйлестім. Ол шығармашылық адам болғандықтан жұрт жан-жақтан талағаннан кейін эмоцияға берілгенін айтты. Өз еңбегін жоққа шығарып, анасының арқасында марапат алды дегенге шыдай алмағанын жеткізді. Ол сабырға келді. Қазір ешқандай мәселе жоқ, барлығы дұрыс, Орден әншінің өзінде қалады», – деді Мәдениет және ақпарат министрі.

А.Балаева марапаттау жөніндегі шешімді министрлік қана қабылдамайтынын атап өтті.

«Білесіздер ме, ұсыну механизмі бар. Бөлек комиссия қарап, марапаттайды. Мемлекет әр адамның еңбегін бағалайды және лайықты құмер көрсетеді. Өкініштісі кейде сіздер қарапайым адамдардың марапатталып жатқанына назар аудармайсыздар. Орден мен медаль алған адамдардың арасында қарапайым еңбек адамдары да бар», – деді министр.

25 қазан – Республика күні мерекесінде еліміздің бірқатар азаматтары, оның ішінде өнер иелері орден және медальмен марапатталды. «Құрмет» орденін алғандардың арасында Әли Оқапов болды. Бұл марапаттың соңы дауға ұласты. Қоғамдық резонансқа шыдамаған әнші әлеуметтік желіде бейнеүндеу жариялап, «Құрмет» орденінен және осыған дейін алған барлық марапаттарынан бас тартатынын жариялады.