Бизнес субъектілеріне тексеру қандай жағдайда жүргізіледі: Әлібек Қуантыров түсіндірді
Сәрсенбі күнгі Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі брифингте Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров бизнес субъектілері заңды белден басатын болса, «шақырылмаған қонақтармен» кездесуі мүмкін екенін мәлімдеді.
Тілшілер мемлекеттік органдар кәсіпкерлерге алда болатын тексерулерді хабарлап отыра ма, шақырылмаған қонақтар келмей ме деп сұрады. Министр бұл дұрыс түсінік емес екенін айтты.
«Жоқ, дұрыс емес. Егер, алдын алу шаралары нәтиже бермесе, заңға қайшы әрекет жасалып жатқаны анықталса, заң өрескел бұзылса, мемлекетке, тұрғындардың денсаулығына, экологияға, ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіретін шара қабылданса, шұғыл шара қабылдау қажеттігі туса, бизнес субъектілеріне «шақырылмаған қонақтар» барады», – деді Ә.Қуантыров.
Ұлттық экономика министрі кәсіпкерлер өздерінің барлық әрекеттері үшін жауап беруі тиіс екенін жеткізді.
«Әрбір кәсіпкер өз әрекеті үшін жауапты болатынын білуі және соған сай тексерісті күтуі керек», – деді Ә.Қуантыров.
Оның айтуынша, тексеру кестесі адамның қатысуынсыз, автоматты түрде қалыптасады. Тексеру кестесі Бас прокуратурамен келісіліп, мемлекеттік органның веб-сайтына орналастырылады. Бизнес субъектілері өздерін тексеру кестесіндегі тізімнен таба алады.
Министр Қазақстанда шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий енгізілгенін, «қажет болған жағдайда» тексеріс осы санаттағы бизнес субъектілерін қамтуы мүмкін екенін айтты.
Айта кету керек, мамыр айында Сонымен қатар кәсіпкерлердің құқықтарын одан әрі қорғау мақсатында «таза парақтан» реттеу нормасы енгізілуде. Оның аясында бизнеске қойылатын 10 мың негізсіз талап алынып тасталады және мемлекеттік бақылаудың барлық бағыты бойынша рәсімдер автоматтандырылғанын жазған едік.
«Бұл жаңа жылдан бастап бизнесті тексеруге мораторий аяқталғаннан кейін адами факторсыз, тәуекелдерді басқарудың автоматтандырылған жүйелері негізінде барлық тексеру кестелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Бұл тексерулер санын азайтып, мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттырады», — деген еді сол кезде Премьер-Министр.