Сәрсенбі Мәжілістің жалпы отырысынан кейін өткен брифингте Әлібек Қуантыров Қостанайға Ресей президенті Владимир Путин келеді деп 13 млрд теңгеге (кейбір деректерге қарағанда 11,3 млрд теңге)салынған Smart орталықтың қараусыз қалмайтынын, ел игілігіне айналатынын айтты.
«Қаладағы кез келген инфрақұрылым тұрғындардың қажетіне жарайды. Ол қандай да бір елдердің президенттеріне қалмайды», – деді министр журналистерге.
Қараша айында Қостанайда Қазақстан мен Ресейдің ХІХ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Облыс орталығы форумға Ресей президенті В. Путин қатысады деп күткен.
Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев Smart орталық құрылысын қолға алып, саябақты қайта құру, жарықтандыру, аялдамаларды жөндеу, көшелерді көгалдандыру, субұрқақтарды қайта жаңғырту, үйлерді күрделі жөндеуден өткізу және қаланы көріктендіру жобасын жүзеге асыруға кірісті. Бұл бастамаға 13 млрд теңге қарастырылды.
Кейін Ресей Федерациясының президенті ресми сапармен Астанаға 9 қарашада ұшып келетіні, Қостанайда өтетін ХІХ өңіраралық ынтымақтастық форумына Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен бірге видеобайланыс арқылы қатысатыны жарияланды.
Ұлттық экономика министрі Smart орталыққа отандық, шетелдік кәсіпкерлер, мемлекеттік орган өкілдері қатысатынын мәлімдеді.
«Кез келген нысан, оның ішінде Visit орталық аймақтың өзін дамытуы үшін қажет. Мәселен, қазір облыс орталықтарының көпшілігінде 4-5 жұлдызды қонақ үй ашу қажеттілігі туып жатыр. Өкінішке қарай, облыс орталықтарында мұндай қонақ үйлер жоқ. Бізде әлемдік деңгейдегі қонақ үйлер Астанада, Алматыда, Шымкентте, Атырауда және Маңғыстауда ғана бар. 4-5 жұлдызды қонақ үйлер халықаралық инвесторларды тартатын зәкірлік нысандар», – деді Ә. Қуантыров.
Министрдің пікірінше, Қостанайда салынып жатқан инфрақұрылым нысандарын қаланың инвестициялық әлеуетін арттыруға пайдалануға болады.
Журналистер Ә. Қуантыровқа Қостанайда балаларға арналған ойын алаңдарының сапасы сын көтермейтінін жеткізді.
«Бұл басқа мәселе, бұл сұрақпен әкімдікке хабарласу керек», – деді министр тілшілерге.
Еске саламыз, РФ Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 9 қараша күні Қазақстанға келеді. Президенттер Қостанайда өтетін Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумына бейнебайланыс режимінде қатысады.