Сәрсенбідегі Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі кулуарда Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ауыл шаруашылығы министрінің осыған дейін жариялаған еттің бағасына қатысты дерегі дұрыс екенін айтты.
«Ауыл шаруашылығы министрі айтқан деректер дұрыс. Өйткені бізде жәрмеңкеден келетін өнімдер бар, олардың бағасы төмен. Атап айтқанда сиыр етінің бағасы 2500, 3500 және 4500 теңгеге дейін, жылқы етінің бағасы да осылай. Жалпы, баға негізінен әртүрлі», – деді Ә.Қуантыров журналистерге.
Естеріңізге салайық, 7 – қараша күні өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров еттің бағасы арзандап жатқанын жариялап, сиыр етінің орташа бағасы – 2 485 теңге екенін мәлімдеді.
Ә.Қуантыров супермаркеттер мен базарларда еттің бағасы бірдей емес екеніне назар аударды.
«Бірыңғай баға жоқ. Супермаркеттерде қымбат бағамен сатылатын ет бар. Жәрмеңкеде немесе базарда сатылатын арзан ет бар», – деді ол.
Тақырыпқа орай, Үкіметтің кешегі отырысында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин қарапайым адамдар үй маңындағы шағын дүкеннен емес, базар мен супермаркеттен сауда жасауы керек екенін айтты.
Ұлттық экономика министрі журналистерге Қазақстанда қандай жағдайда ет арзандауы мүмкін екенін баяндады.
«Мал басы көбейсе, ұсыныс артса, ет арзандайды. Бірақ инфляция мен жем-шөп бағасының көтерілуіне байланысты мәселе бар екенін ескеру керек», – деді Ә.Қуантыров.