«Алматы апорты» қазақстандық бренд ретінде тіркелді, оның құқығы шетелдерде заңмен қорғалады – Әділет министрлігі
13 қазан күні «Алматы апорты» мемлекеттік реестрлер тізімінде қазақстандық бренд ретінде тіркелді. Бұл туралы Әділет министрлігінің апталық баспасөз мәслихатында ведомстваның ресми өкілі Талғат Уәли мәлімдеді.
Оның айтуынша, қазақстандық алма өсірушілер қауымдастығы Ұлттық зияткерлік меншік институтына алматы апортының географиялық көрсеткіші, яғни шығу тегі Қазақстан екенін растау туралы өтініш жолдаған. Ауқымды жұмыстар нәтижесінде бұл растау аяқталды.
«Енді алматылық апорт шет елдік сауда орындарында сатылатын болса географиялық көрсеткіші Қазақстан деп көрсетілетін болады. Өздеріңіз білетіндей, Франция шарабы пен пармезан сыры, ал Ресей Алтай балымен танымал. Енді Қазақстанды Алматы апортымен танымал ету жолында жұмыстар жүргізілуде», деді Талғат Уәли.
Оның дерегінше, енді әлемдік сауда нарығында Алматы апортының шығу тегі Қазақстан екенін мойындату үшін отандық өндірушілер қай елдерде сауда жасауға ниетті екенін білдіріп, тізім жолдауы керек.
«Сәйкесінше сол елдерде әділет министрлігі тарапынан «Алматы апортының» құқығы заңмен қорғалатын болады», деді ресми өкіл.
Бұдан бөлек географиялық көрсеткіш ретінде мемлекеттік реестрге «TURKISTAN» шоколады, «TURKISTAN» балмұздағы және Қарағанды балмұздағы да енген.