Халықаралық Freedom Holding Corp. холдингі америкалық инвестициялық Maxim Group банкін сатып алу бойынша келісім-шарттан бас тартты. Бұл туралы АҚШ құнды қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясының (SEC) ресми сайтында жарияланған холдинг хабарламасында айтылады.
«Компания мен сатушы (ақпан айында жасасқан) сатып алу туралы келісімде көрсетілген мәміле шарттары 2023 жылдың 31 желтоқсанында орындалмайтыны анықталды. Осыған байланысты 31 қазан күні компания мен сатушы өзара жазбаша мәміле негізінде сатып алу туралы келісімді бұзды», — делінген SEC сайтында жарияланған хабарламада.
Ақпан айында жасасқан келісімде Maxim Group пен оның консалтингтік еншілес бөлімшесі Maxim Financial Advisors компаниясын холдингтің сатып алуы қарастырылған еді. Мәміленің жария етілген сомасы 400 млн долларды құрауы тиіс болды. Америкалық реттеуші мәмілені мақұлдаған соң, келісім жабық өтеді деп күтіліп еді.
Freedom Holding Corp. толық көлемде қызмет көрсететін жетекші инвестициялық банк ретінде өзін көрсетіп келген жаңа активті иелену арқылы халықаралық салмағын арттыра түсуді көздеген еді. Maxim Group-тің тәжірибесі мен институционалдық ықпалын холдингтің ғаламдық дистибьютерлік және брокерлік желісін кеңейту үшін Азия, Грекия, Израиль және Батыс Еуропаның басым бөлігінде қолдану жоспарланған болатын. Сонымен қатар, Freedom Holding Corp. соңғы 10 жылда Maxim Group нарықта андеррайтер ретінде 80,6 млрд доллардан астам қаржы тарта алғанын атап өтті. Бұл холдингтің осы бағытта қызметін дамыту үшін аса маңызды еді.
«Алғашқы жария орналастыру индустриясы үшін соңғы жыл аса күрделі болды, ауқым тым қатты қысқарды. Таяу болашақта келіссөздерге қайта оралуымыз мүмкін, алайда ол кезде шарттар да өзгеше болады, жұмсалатын капитал көлемі де азаяды. Ал, үнемделген қаражатты біз Қазақстан мен өзге өңірлерде бизнесті анағұрлым белсенді дамытуға бағыттаймыз», – деді «Курсив» басылымына Freedom Holding Corp. мажориталды акционері және CEO Тимур Турлов.
2024 қаржы жылының (30 маусымда аяқталды) алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша Freedom Holding Corp. түсімін 83,3%-ға, 316,2 млн долларға ұлғайтты, ол негізінен пайыздық кірістің ұлғаюы, қаржы нарығындағы операциялардың қаржылық нәтижесіне және холдингтің сақтандыру компанияларының алымдарына негізделеді. Сонымен қатар компания дериватив нарығындағы шығындарын ұлғайтты.