«Мемлекет нашар менеджер» деген ұстанымнан арылуымыз керек – Аймағамбетов
«Мемлекет нашар менеджер» деген ұстанымнан арылу қажет деп санайды Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов. Ол бұл пікірді бизнес жүргізу мәселелері бойынша заң жобасын талқылау барысында, біршама салаларға мараторийлер жариялап, бүгінде мемлекеттің тексеру құзыретінің азайғанына қатысты айтты.
«Бізде мелекеттің және азаматтардың мүддесін қорғау мен кәсіпкерлердің мүддесін қорғауда тиісті тепе-теңдік жетіспейді. Мысалы бірнеше жыл бұрын еңбек қауіпсіздігін тексеру үшін СОР арқылы жоспарлы тексеру алынып тасталды. Нәтижесінде бізде шахталарда, кәсіпорындарда осы еңбек қауіпсіздігі бойынша тексеріс жүргізуге мүмкіндік болмай қалды. Құрылыс саласындағы мемлекетттік экспертиза да қазіргі уақытта жекеменшікке берілген. Сол сияқты мектептердегі, балабақшалардағы тамақтандырудың сапасын тексеру мүмкін емес. Кешегі Жамбыл облысында болған улануды соның нәтижесі деп білемін. Бізде осы салада тепе-теңдік жетіспейді. Мәселен, ЖЭО-ларға қатысты мемлекеттік энерго-аудит бар. Бірақ бүгінгі күні олардың да қолы байлаулы. Біз шыны керек барлық салада мемлекеттің тексеру мүмкіндіктерін азайтып, енді міне бүгін сол құзыреттіліктердің біршамасын қайтарып алып жатырмыз. Менің ойымша бұл дұрыс шешім. Жалпы, біз неолибералды лозунгты көтеріп, «мемлекет нашар менеджер» деген ұстанымнан арылуымыз керек. Мемлекет жаман менеджер емес. Сол себепті бізге тепе-теңдік керек. Осы тепе-теңдікті қалай табамыз?»- деп сұрады депутат ҰЭМ басшысынан.
Депутаттың бұл пікірімен Әлібек Қуантыров келісетінін жеткізді. Ол либерализация жасауда мемлекеттің тиісті бақылауды жоғалтпауы керек деп санайды. Бұл орайда жаңа заң жобасына «жедел ден қою» шаралары енгізілетінін жеткізді. Бұл шара болашақта осындай жағдайларды реттеуде мемлекеттің тетігіне айналмақ.
«Біз осындай либерализация жасауда тиісті бақылауды жоғалтпауымыз керек. Дұрыс айтасыз, қазіргі уақытта СОР арқылы бақылау өте төмен. Оның ішінде құрылыс саласын ерекше атап өткен жөн. Біз бірнеше оқиғаны көзімізбен көрдік. Баяғыдағы Бесоба құрылысы оның айқын мысалы бола алады. Одан бөлек басқа аймақтарда да апаттық құрылыстар салынған жағдайлар болды. Сол себепті біз талқыланып жатқан заң жобасына «жедел ден қою» шараларын енгізіп жатырмыз. Бұл шаралар қандай да бір олқылықтар анықталған жағдайда жауапты органдардың тікелей тексеріс жүргізуіне мүмкіндік береді», деді.