Пенчак силат, Биатл, Триатл, Петанк, Текбол, Пилондағы спорт: мемлекеттің 775 млн доллар қаражаты тағы қандай түсініксіз салаларға жұмсалып жатыр?

Жарияланды
Спорт және туризм министрлігі шаруа, фермерлік қожалықтарға бюджеттен 54 млрд теңге қарастырған / Фото: kursiv.media

«AMANAT» партиясының фракция мүшесі, депутат Нартай Сәрсенғалиев Спорт және туризм министрлігінің 775 млн долларды түсініксіз, кей тұста тіпті қазақы түсінікке жат спорт түрлеріне бөлініп жатқанын айтады. Осы мәселені көтеріп, депутат Премьер-министр Әлихан Смаиловқа сауал жолдады.

«Қарапайым халық ішер ас, киер киімге жарымай жүргенде бюджеттің бүйірін теспей сорып отырған саладағы былықтар туралы. Ол спорт. Мемлекет басшысы жуырда спортшылармен кездескенде: «Кәсіби спорттағы жоғары жетістіктің болмағаны мемлекеттен бөлінетін қаражаттың нәтижесіз жұмсаудың, бюджетті жан жаққа шашудың себебінен» дегенді айтты. Қазақстан Жоғары жетістіктер спортына бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр. Мынау не масқара? Халық кедейшіліктің құзына құлап жатқанда спортқа 775 миллион доллар бөлу сау адамның ақылына сия ма? Ең сорақысы, қисапсыз ақша бөлсек те, жеткен жетістігіміз жоқ»,- дейді депутат.

Қыруар қаражат бөлінгенімен 2021 жылы Токиода өткен Жазғы олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасының бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алғанын мысалға келтірген депутат Қазақстанды Нидерланды және Жапониямен салыстырып өтті.

«Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал Жоғары жетістіктер спортына 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қоламен келдік», деп налыды ол.

Депутат сонымен бірге Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отырғанын айтты. Ал іс жүзінде оның ішінен тек 50-ге жуығы жазғы олимпиада ойындарының тізіміне енген екен. Осы орайда депутат тағы да шетелден мысал келтірді.

«Салыстырып айтайын, Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне бюджеттен қаржы бөледі, Германия 18 спорт  түріне қазынадан ақша береді, ал көршіміз Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды. Біздікі не шашпалық? Қазақстан қазынадан ақша беретін 180 спорт түрінің ішінде Пенчак силат, Спорттық балық аулау, Биатл, Триатл, Петанк, Текбол, Унифайт, Черлидинг дегендер жүр. Бұл   атауларды бұрын естігендер бар ма өзі? Айтпақшы Қазақстанның бюджетінен қаржы бөлінетін және бір спорт түрі бар, «спорт на пилоне» деген. Іздеп қараңыздар, министрлік бұған қалай қаржы бөліп отыр деп жаға ұстайсыздар», дейді ол.

Ал түсініксіз спорт түрлерінен қыруар қаражат бөлінгенімен, ұлттық спортқа бөлінетін қаражаттың тым аз. Мәселен 2024 жылға ұлттық спорт түрлерін қолдауға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлінген екен.

Сәрсенғалиевті Спорт және туризм министрлігінің бюджетінде «жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожалықтарды субсидиялауға 54 миллиард теңге қаражат қарастырылғаны да таңғалдырған. Спортқа қатысты министрліктің АШМ-ге қарасты шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтарға не үшін қаражат беретінін түсінбей, комитет отырысында министрлік өкілдерінен сұрап көрген екен, алайда жауапты органнан жауап болмаған.

Осы мәселелерді алға тартқан депутат министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқартуды ұсынады.

«Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек», деп санайды депутат. 

Сондай-ақ ол кәсіби спорт клубтарына берілетін қаражат та шектелуі керектігін айтты. «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самрұқ-Қазына»-дан 65 миллион доллар қаражат бөлінетінін, оның да халықтың ақшасы екенін айтады ол.

Депутат сонымен бірге спорттағы легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді де орынсыз санайды.

«Неге біз қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек. Легионер шақыра ма, оның айлығын демеушілердің есебінен төлесін спорттық клубтар», дейді ол.

Сондай-ақ оқыңыз