Тоқаев Путин туралы: Оның жаһандық және өңірлік процестерге көзқарасы қазіргі әлемдік ахуалға ықпал етеді

Жарияланды
токаев
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Известия» газетіне берген сұхбатында Владимир Путиннің Қазақстанға сапары барысында, қандай мәселелер талқыланатынын айтты.

«Ресей Президентімен Астанада өтетін алдағы кездесудің күн тәртібі өте ауқымды. Біз екіжақты саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық ықпалдастық мәселелерін жан-жақты талқылаймыз деп жоспарлап отырмыз. Халықаралық ұйымдар мен интеграциялық құрылымдар аясындағы байланыстардың аспектілерін де қарастырамыз. Әлемдегі ахуалдың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары жөнінде пікір алмасамыз. Сонымен қатар Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысамыз. Бұл – аймақтар мен екі ел кәсіпкерлері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға ықпал ететін бірегей әрі өте тиімді формат. Биыл Қазақстанның Қостанай қаласында аталған жиын 19-шы рет өткізіледі. Іс-шараның тақырыбы – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық. Форум Ресей Президентінің Қазақстанға алдағы сапары секілді табысты өтеді деп сенемін», – деді президент.

Мемлекет басшысы сонымен бірге Путинмен кездесу тұрақты сипат алғанын, бұның Қазақстан мен Ресей арасындағы қатынастардың мән-мазмұны бай әрі жоғары деңгейде екенін айқын көрсететінін атап өткен. Екіжақты кездесулерде немесе интеграциялық бірлестіктер аясындағы көпжақты келіссөздерде болсын, талқылайтын мәселелердің көп екенін айтқан. Сонымен бірге президент Ресей басшысын әлемдік ахуалға ықпал ететін тұлға ретінде бағалаған.

«Ресей Президенті – барлық саладан жан-жақты хабардар әрі білікті тұлға. Оның жаһандық және өңірлік процестерге көзқарасы көп жағдайда қазіргі әлемдік ахуалға ықпал етеді. Сындарлы саясат және өзара тиімді нәтижеге ұмтылыс – Қазақстан мен Ресей диалогының негізгі ерекшелігі. Біз әрдайым ресейлік серіктестеріміздің ұстанымына назар аударуға тырысамыз, олар да біздің пікірімізді ескереді», дейді Тоқаев.

Мемлекет басшысы сонымен біге биыл ХХІ ғасырдағы тату көршілік және одақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 10 жыл толғанын. Қазақстан мен Ресей халықтары арасындағы достықтың тарихы ғасырлар қойнауынан тамыр тартатынын айта келе елдер арасындағы тату көршілік және одақтастық қатынастарға негізделген ынтымақтастықтың тарихының да бай және болашағы жарқын болатынына сенім білдірген.

Сонымен бірге президент бұл сұхбатында орыс тілі ұйымын құруға не түрткі болғанын да айтып өткен.

Еске сала кетсек, ертең 9 қараша күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен 9 қараша күні Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Астанаға ресми сапармен келеді. Сапар барысында екі ел басшылары келіссөз жүргізіп, Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық серіктестіктің өзекті мәселелерін талқылайды деп жоспарланып отыр.

Сондай-ақ оқыңыз