Жаңалықтар

«ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысы мүлкіне салынған тыйымды алып тастауды сұрады

«ӨКМ» операторы» бойынша сот жалғасуда / архив: kursiv.media

Астанада «ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға қатысты сот процесі жалғасып жатыр. 2023 жылдың 9 қарашасында қылмыстық іс бойынша жарыссөз басталуы керек еді, алайда қорғау тарапы сот кабинеті арқылы өтінішхат жолдаған.

Іс барысында Мұхтарованың сот процесінің кез келген сатысында жазбаша түрде процестік келісімге келуге болатыны айқындалған. Соған сәйкес қорғау тарапы сотталушының мүлкіне салынған тыйымды алып тастау туралы өтінішхатпен жүгінді. Бұл сұрауы жаңа процестік келісімде көрсетілген.

«Қорғауымдағы Мұхтарова осы мүмкіндік пайдаланып, келген шығынның толық өтелгенін ескеріп, өзінің мүлкіне салынған тыйымды алып тастау туралы өтінішхат жолдап отыр. Бұл процестік келісім сотқа сот кабинеті арқылы жолданды. Сондай-ақ прокуратура өкілі мен жәбірленуші тарапқа арнап екі нұсқасы әзірленді», – деді Мұхтарованың адвокаты.

Айта кетейік, бұған дейін қорғау тарапы іс бойынша қарызды толық өтеп, сотқа 920 млн 534 мың 552 теңге төленгені туралы түбіртек ұсынды.

Мұхтароваға 2017-2018 жылдары Экологиялық кодекстің талаптарын бұзып, дивиденд түрінде заңсыз төленген 920 миллион теңгені иемденді деп айып тағылған.

Айта кетейік, 2022 жылы маусымында «ӨКМ» операторы» бұрынғы құрылтайшысы Шынар Мұхтароваға халықаралық іздеу жарияланды. Кейіннен ол Біріккен Араб Әмірліктерінен Қазақстанға жеткізілді.
Істі судья Ибрагим Әлкенов қарап жатыр. Судьяның бұған дейін бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен вице-министр болған Олжас Әбішевтің ісі бойынша үкім шығарғаны белгілі.

«ӨКМ» оператаоры» ісі бойынша 2023 жылдың 3 шілдесінде қылмыстық іс бойынша төрт адамға үкім шықты. Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет және квазимемлекеттік секторда өмір бойы қызмет ете алмайды.

2016 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде «ӨКМ» операторы» ЖШС директоры болған Светлана Коротченко 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды. 2019-2022 жылдар аралығында ЖШС директоры болған Медет Құмарғалиев 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммерциялық ұйымдарда 10 жыл мерзімге басшылық лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

ЖШС қаржы директоры Рустам Темірбек 2 жылға бас бостандығынан айырылды. Оған рақымшылық жасау туралы заң қолданылып, коммерциялық ұйымдарда 5 жыл мерзімге басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.