Тоқаев Путинге бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды
Фото: Ақорда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Ресейге бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысатын болады.
Мемлекет басшысының пікірінше, агроөнеркәсіп және экспорт әлеуетінің толыққанды пайдаланылмауына көп жағдайда көлік-логистика саласындағы шектеулер әсер етеді Мысалы, логистика және қойма жүйесінің тапшылығына байланысты Қазақстан мен Ресейде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің шығыны 40 пайызға жуықтайды.
«Өнім сақтау инфрақұрылымын дамыту, соның ішінде элеваторларды, көкөніс, жеміс-жидек қоймаларын көбейту екіжақты ынтымақтастықтың маңызды бағытына айналуға тиіс. Қазақстан жуық арада климаттық бақылау жүйесі бар өнім сақтау қоймаларының сыйымдылығын 1 миллион тоннаға ұлғайтуды жоспарлап отыр. Бізде Қытай, Үндістан, Таяу Шығыс елдері сияқты келешегі зор өнім өткізу нарықтары бар. Олардың азық-түлікке сұранысы ұлғая түскенін ескерсек, «Солтүстік – Оңүстік» көлік дәлізінің де рөлі күшейеді. Орталық Азия арқылы логистиканың жаңа бағыттарын дамыту және Қытаймен арадағы қазіргі көлік бағдарларының жүк өткізу мүмкіндігін арттыру ықпалдастықтың басым бағыттарының бірі бола алады. Осыған байланысты Каспий теңізіндегі Құрық және Ақтау порттарына ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қытай бағытында «Достық – Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолын салу жобасын жүзеге асыруға кірістік. Жалпы, Қазақстанда алдағы үш жылда 1,3 мың шақырымнан астам теміржол салынады», – деді мемлекет басшысы.
Президент заманауи аграрлық ғылымды дамыту және агроөнеркәсіп кешеніне инновацияны белсенді түрде енгізу ісін ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты ретінде атады. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан зерттеу университеттерінің рөлін күшейте отырып, «білім – ғылым – өндіріс» үштаған жүйесі аясында ғылым саласын реформалауды бастады. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. Олар жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектіні коммерцияландырумен және өндіріске енгізумен айналысады.
Бейсенбі күні Ресей президенті Владимир Путин Қазақстанға ресми сапармен келді. Қазақстан Ресей Федерациясының президентін қарсы алуға қызу дайындалды.
Ресей Федерациясы – Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі. 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Ресей арасындағы екіжақты тауар айналымының көлемі 27 млрд долларды (экспорт – 9,1 млрд доллар, импорт – 17,9 млрд доллар) құрады, бұл – Қазақстанның жалпы тауар айналымының 20%-ға жуығы.
Биыл қаңтар-тамыз айларында сауда көлемі 17 млрд долларға жеткен, бұл көрсеткіш былтырмен салыстырғанда 1,1%-ға жоғары.