Мұнайдың қымбаттауы мен Ұлттық қордан валюта сату теңгенің нығаюына ықпал етпек

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Фото: shutterstock

Қараша айында мұнайдың қымбаттауы мен Ұлттық қордан шетел валютасын сату теңге бағамының одан әрі нығаюына ықпал етеді. Қаржыгерлер қауымдастығы жүргізген сауалнамаға қатысқан нарық өкілдері осылай деп тұжырымдайды.

Сауалнамаға қаржы нарығына кәсіби қатысушылары, банк, сақтандыру, брокерлік ұйым өкілдері, талдау және қазынашылық бөлімшелері қызметкерлері қатысқан. Мамандар Brent мұнайының бағасы, АҚШ долларының ресей рубліне қатысты бағамы, АҚШ долларының теңгеге шаққандағы құны, инфляция, ЖІӨ, ҚРҰБ базалық мөлшерлемесі жайлы пікір білдірген.

Сарапшылар қазан айында теңге бағамына мұнайдың қымбаттауы мен Ұлттық қордан шетел валютасын көптеп сату ( қордан сатылған валюта көлемі үш ай қатарына 1 млрд доллардан асып тұр) әсер еткенін айтады. Қараша айында да осы үрдіс жалғаспақ. Мамандардың ұлттық валютаға қатысты қысқа мерзімді болжамы да жақсарған: бір айда USDKZT жұбының бағамы бір долларға 474,3 теңге болуы мүмкін (бір ай бұрын ₸481,3 еді).

Сауд Арабиясы мен Ресейдің мұнай өндірісін қысқарту мерзімін ұзарту туралы шешіміне, шикізат нарығындағы ықтимал тапшылыққа, сондай-ақ Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленіске байланысты биыл мұнай бағасына қатысты болжам оң болып тұр.

Соған сәйкес, қаржы нарығы сарапшыларының Қазақстан экономикасы өсіміне қатысты болжамы жақсарды (бір ай бұрынғы 4,1%-бен салыстырғанда 4,3%).

Ресей билігінің рубль бағамын тұрақтандыру бойынша қабылдаған шараларына (экспорттаушылардың валюталық түсімдерді міндетті түрде сатуы бойынша норманы қайтару, базалық мөлшерлеменің күрт өсуі) қарамастан, сарапшылар рубль нығаймайды деген пікірде: USDRUB жұбының бір жылдағы бағамы 1 долларға 98,3 рубль деңгейінде болжанады.

Ал базалық мөлшерлемеге қатысты сарапшылар 24 қарашадағы ақша-несие саясаты кеңесінің қорытындысында ол төмендейді деп пікір білдірген.

Тамыз бен қыркүйекте 3%-ға құнсызданған теңге қазан айында қазан айында біршама нығайып, ресми бағам 470,30 теңге болып белгіленді.

Сондай-ақ оқыңыз