Жаңалықтар

Жалдау құны 5000 теңге: Астана мен Шымкентте жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасына өтініш қабылдау басталды

;Жастарға арналған тұрғын үй бағдарламасы / shutterstock

Жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасы: 5000 теңгелік пәтер кімге бұйырады?

2019 жылдан бері еліміздің үш мегаполисінде «Жұмыс істейтін жастар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент тұрғындарына орта есеппен 1 ​​мың жаңа пәтерден бөлінеді.

4 жылдан бері аталған қалаларда 10 мыңға жуық тұрғын үй жалға берілді. Үкімет 2025 жылға дейін жұмыс істейтін жастарға 12 мың баспана беруді жоспарлап отыр.

Жоба шарты бойынша үш жыл өткеннен кейін жалға алушы бөлінген тұрғын үйді босатуы керек. Бағдарламаның басты мақсаты – осы уақыт ішінде жастарға баспана сатып алу үшін алғашқы жарна жинауға қолдау білдіру.

Бастапқыда жобаға 29 жасқа дейінгі азаматтар санаты қатысса, биыл бұл талап өзгерді. Енді жасы 35-ке толмаған Астана, Алматы, Шымкенттің тұрғындары өтініш бере алады.

Астанада жастарға 770 пәтер беріледі

Жуырда Астана қаласының Тұрғын үй орталығы аталған бағдарлама бойынша құжаттар қабылдау басталғанын хабарлады. https://zhilfond.kz/post.php?id=16

Елордада 770 жас пәтермен қамтылады. Бір ерекшелігі, баспана жалдау бағасы шарықтап тұрғанда, бұл үйлердің ай сайынғы төлемі небәрі 5000-15000 теңге.

Астанада құжаттарды қабылдау мерзімі: 2023 жылғы 6 қарашадан бастап сағат 9:00-ден 2023 жылғы 12 қараша сағат 23:59-ге дейін.

«Жалға берілетін пәтерлердің жалпы саны – 770 пәтер. Тұрғын үй ұзарту құқығынсыз 3 жыл мерзімге беріледі. Ай сайынғы жалдау ақысы: 5 000 – 15 000 теңге», – деп жазылған елорда әкімдігі таратқан ресми хабарламада.

Құжаттарды қабылдау тек «qatysu.zhilfond.kz» порталы арқылы электронды түрде жүргізіледі.

Шымкентте өтінім қабылдау басталды

Шымкентте де осыған ұқсас «Жастар» бағдарламасына өтінім қабылдау басталады. https://t.me/shymkentgov/5865

«Қала бойынша 35 жасқа дейінгі жұмыс істейтін жастарға арналған бағдарламаға өтінім қабылдау басталады. Құжат қабылдау 2023 жылғы 8 қараша күні сағат 9:00-ден 10 қараша сағат 19:00 аралығында жүргізіледі», – деп хабарлады шаһар әкімдігі.

Айта кетейік, бағдарламаға қатысушылар «kezekte.kz» порталында электронды цифрлық қолтаңбасы арқылы өтініш бере алады.

Осыған дейін жоба аясында  2020 жылы – 904 адам, 2021 жылы – 300 адам, 2022 жылы 857 жас пәтермен қамтылды. Ал биылғы жылдың соңына дейін «Тұран» ықшам ауданында орналасқан 800-ден аса пәтерді жалға беру жоспарланған.

Алматыда мыңға жуық пәтер қарастырылған

Мегаполис әкімдігі жоба бойынша ресми ақпарат жариялаған жоқ. Алайда жыл сайын еліміздің қаржы орталығында аталған бағдарлама бойынша мыңнан аса пәтер беріліп келеді. Бастапқы жылдары тұрғын үйлер Алатау ауданындағы Алғабас және Саялы-2 ықшам аудандарынан бөлінсе, биыл Наурызбай ауданынан қарастырылады. Тұрғын үйлердің шаршы метрі әр түрлі.

Жоба талабы қандай?

«Жастар» бағдарламасына қатысушыларға қойылатын басты талаптар:

– Баеғдарламаға қатысатын азаматтың жасы 35-ке толмаған, жұмыс істейтін болуы шарт;

– орта, орта-арнайы, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі болуы және ресми жұмыс орны болуы тиіс;

– өтініш берушінің Астана, Алматы, Шымкент қаласында өтінім бергенге дейін соңғы 3 жылдан кем емес тұрақты тіркеуде болуы;

– Астана, Алматы, Шымкент қаласында өтініш берушінің отбасы мүшелерін (жұбайы және балалары болған жағдайда) тұрақты тіркеуі;

– өтініш берушіде және отбасының барлық мүшелерінде Қазақстан Республикасы бойынша меншік құқығындағы тұрғын үйдің, сондай-ақ өтінім берген кезде соңғы 5 жыл ішінде сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үйдің болмауы;

– төлем қабілеттілігін растау (соңғы 6 айда өтініш берушіде ай сайынғы табысы кемінде 40 АЕК немесе 138 000 теңге болуы керек).

Ескерте кететіні, бағдарламаға қатысу үшін ЭЦҚ кілтін алу керек, ал өтінім берген кезде анықтамалардың берілгеніне 10 күн өтпеуі шарт.

«Құжат қаралған кезде телефон нөміріңізге өтінім мәртебесі көрсетілген смс-хабарлама жіберіледі», – деп хабарлады Астана әкімдігі.

Ұпайлар қалай есептеледі?

Іріктеу ұпайлық жүйе бойынша жүзеге асырылады:

1) нарықта неғұрлым талап етілетін мамандықтар жоғары немесе орта арнаулы білім беру мекемелерінде кәсіпті меңгерген өтініш берушіге – 10 балл; https://www.gov.kz/memleket/entities/enbek/press/news/details/1646?lang=kk

2) отбасы болған жағдайда – 5 балл;

3) бір балаға – 1 балл, әрбір келесі бала үшін – 2 балл;

4) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру кезінде кемінде 1 жыл – 5 балл, әр жыл үшін – 1 балл;

5) өтініш берушінің әртүрлі қызмет салаларында жеке еңбек жетістіктері болған кезде – 2 балл;

6) бюджеттік ұйымдардағы (мемлекеттік мекемелердегі және мемлекеттік кәсіпорындардағы) еңбек қызметі үшін – 5 балл, әрбір жыл еңбек өтілі үшін – 1 балл;

7) өтініш берушінің екінші деңгейлі банктердегі жинақ шоттарында (депозиттерінде) жинаған әрбір жылы үшін және шотта кемінде 40 айлық есептік көрсеткіш қалдық болған кезде – 2 балл.

Баллдар тең болған кезде өтініш берген күні бойынша ертерек және жасы үлкен өтініш берушілер басымдыққа ие болады.

Бөлінетін тұрғын үйдің жалпы ауданын айқындау конкурс қорытындысы бойынша қойылған ұпайлар және өтініш берушінің балаларының саны (бар болса) негізінде жүзеге асырылады.

Жалға берілетін тұрғын үйді сатып алу құқығынсыз беру мынадай пайыздық арақатынаста жүзеге асырылады:

– жалға берілетін тұрғын үйдің 60%-ы некеде тұрған, яғни отбасылы өтініш берушілерге;

– жалға берілетін тұрғын үйдің 40%-ы отбасы құрмаған өтініш берушілерге қарастырылған.