Қостанайдағы форумда жалпы құны 83 млн доллар болатын 9 келісімге қол қойылды

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы

9 қараша күні Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресей арасындағы Өңіраралық ынтымақтастық форумында жалпы құны $83 млн болатын 9 аймақты және коммерциялық келісімге қол қойылды.

Форум қорытындысы бойынша екі ел кәсіпкерлері «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағының аумағында ұзақ сақталатын нан-тоқаш өнімдері зауытын салу, Солтүстік Қазақстан облысында жүк көтергіш жабдықтар өндіру, Қостанай облысында сүтті өнеркәсіптік салқындатуға арналған жабдықтар өндіру бойынша келісімге келді. 

Сондай-ақ, Павлодар және Омбы, Маңғыстау және Астрахан, Батыс Қазақстан және Орынбор, Қостанай және Орынбор облыстары сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, экологиялық, мәдени, гуманитарлық және басқа да салаларда байланыс орнатуы туралы құжаттарға қол қойды.

Бұдан бөлек, Қостанай облысының кәсіпкерлер палатасы мен «Орынбор облысының Сауда-өнеркәсіп палатасы» және Ақмола облысының «Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы» мен «Эпоха возрождение» ЖШС арасындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды.

Айта кетейік, форум қатысу үшін Қазақстанға Ресей президенті Владимир Путин келді. Оны әуежайдан Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумы барысында Ресейге бірлескен агроинновация орталықтарын құруды ұсынды. 

Бұл форумда мемлекет басшысы Қазақстанда су ресурсының тапшылығын жоюға бағытталған жаңа Су кодексі әзірленіп жатқанын жариялады. Сонымен қатар Ресеймен бірлесіп, Орал, Ертіс сияқты үлкен өзендердегі бассейндерді зерттеу жұмысын жандандыруға бағытталған бірыңғай жол картасы жүзеге асырылатынын айтты. 

Сондай-ақ оқыңыз