Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев еліміздің оңтүстігінде салынатын орыс мектептеріне қатысты пікір білдірді.
«Сіздер оңтүстік өңірде 3 ауысыммен оқитын мектептер бар екенін, мектеп жетіспейтінін білесіздер. Бұл өңірде мектеп салу бастамасын қолдау қажет. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында бөлініп жатқан қаражат та жеткіліксіз. Өңір қарқынды дамып жатыр. Үш ауысыммен оқу мәселесін шешу үшін бұл өңірге қолдау қажет», – деді Оқу-ағарту министрі.
Ғани Бейсембаев елімізде аралас мектептер бар екенін атап өтті.
«Бізде аралас мектептер бар. Бұған дейін француз тілін тереңдетіп оқытатын мектептердің құрылысына қатысты меморандумға қол қойдым. Кез келген мектеп біздің мемлекеттік стандартқа, біздің талапқа сай болуы керек. Еліміздегі кез келген мектепте Қазақстанның стандарттары қатаң сақталады», – деді ол.
Министр «орыс мектебі» деген ұғым жоқ екенін алға тартты.
«Орыс тілінде білім беретін мектеп болады», – деді Ғани Бейсембаев журналистерге.
Тілшілер қазақ тілді адамдар шоғырланған Қазақстанның оңтүстік өңіріне мұндай мектептің қандай қажеттілігі бар екенін сұрады. Бұл сұраққа министр: «Білесіздер ғой, біз көптілділікті дамытып жатырмыз. Біздің балалар бәсекеге қабілетті болуы керек. Бірнеше тіл дамытылуы тиіс. Ата-аналардың ешқайсы балаларының көп тіл білгеніне қарсы болмайтын шығар. Сондықтан алаңдауға еш негіз жоқ. Француз немесе басқа мектептер ашылса, саясатқа әсер етеді деген фобия болмауы керек», – деп жауап берді.
Ғани Бейсембаевтің айтуынша, бұл мектептерде өзіміздің ұстаздар жұмыс істейді. Ал Ресейден маман тартуға тыйым салынбайды.
«Орыс тілін тереңдетіп оқытуға ресейлік маманды шақыруға тыйым салынбаған. Басқа пәндерді, Қазақстан тарихын, қазақ тілі мен әдебиетін өзіміздің ұстаздар оқытады. Орыс тілін француз немесе ағылшын тілін жетік меңгерген мамандар секілді тілдің тасымалдаушысы үйретсе жақсы ғой. Бұл тәжірибеде бар ғой», – деді Оқу-ағарту министрі.
Ғани Бейсембаев мектептер Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарына салынатынын мәлімдеді.
Журналистердің мектеп құрылысын қай ел қаржыландырады, қанша қаражат бөлінеді деген сұрағына министр: «Мектеп құрылысын Ресей тарапы қаржыландырады. Мәселе енді қаралып жатыр. Қаржыландыру көлемі әзірше белгісіз», – деп жауап берді.
Тілшілер министрден Ресеймен шекаралас аймақтарда қазақ тілінде білім беретін мектеп ашу мәселесін қарастырдыңыздар ма деп сұрады.
Ғани Бейсембаев: «Бұл сұрақ бойынша да жұмыс істеуге болады деп ойлаймын», – деп тіл қатты.
Бүгін, 9 қарашада Қостанайда өткен Қазақстан мен Ресейдің XIX Өңіраралық ынтымақтастық форумында РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Оверчук Қазақстанның оңтүстігінде 3 орыс тілді мектеп салу мәселесі талқыланғанны мәлімдеген болатын. Ол барлық деңгейдегі ынтымақтастықты жандандыру және жұмысты бірлесіп атқару үшін орыс тілі қажет екенін айтқан.