Қызылша ауруы өршіп тұр: Денсаулық сақтау министрі екпе алуға шақырды
Денсаулық сақтау министрі қазақстандықтарды қызылшаға қарсы қосымша иммундау шараларына қатысуға шақырды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда, сондай-ақ әлемнің көптеген елінде қызылша ауруына қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасқан. Соңғы екі айда елімізде сырқаттанушылар саны күрт өскен. Бір жылда 13 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған. Оның 83%-ы 5 жасқа дейінгі балалар. Ауырған балалардың 70%-ы екпе алмаған. Сонымен бірге науқастар арасында екпе алмаған ересектер де бар.
Инфекцияның таралуын болдырмау мақсатында Қазақстанда қосымша жаппай иммундау жүргізу туралы шешім қабылданған.
«Бүгінгі таңда қызылша вирусының өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан құтылудың жалғыз жолы екпе егу болып отыр. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген. Біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз. Вакциналау мәртебесі жоқ балаларға, инфекция ошақтарында болған ересектерге екпе егеміз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз», — деді Ажар Ғиният.
Иммундау науқаны қаңтар айының соңына дейін жалғасады. Министрдің айтуынша, вакцина жеткілікті.
Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиевтің айтуынша Шымкент, Алматы, Алматы және Жамбыл облыстарында жағдай күрделі. Ол жұқпалы аурудың бұл өңірлерде кең тарауының себебін халықтың тығыз орналасуымен түсіндірді.
«Бұл аймақтарда халық тығыз орналасқан және сәйкесінше туу көрсеткіші де жоғары. Адам саны көп, туу көрсеткіші мен балалардың тығыздығының жоғары болуы осы өңірлерде ауру жұқтыратындар санын еселей түседі. Қызылша ауруы Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде кең тарап жатыр. Негізінен ковидке қарсы шаралар кезінде вакцинацияның жүргізілмеуі қазіргі таңда бұл аурудың етек жаюына себеп болып отыр», деді Сұлтанғазиев.
Қызылша эпидемиясы тамызда да толастамады. Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова елімізде қызылшамен ауырғандар саны арта бастағанын сол кезде айтқан.