Қазақстан 2022 жылы 47,2 млрд доллардың өнімін импорттады: қаржының тең жартысы машина жасау өнеркәсібіне жұмсалған

Жарияланды
Фото: kursiv.media

2022 жылдың соңында елімізге 47,2 млрд доллардың өнімі импортталған. Бұл жайлы Сенат отырысында Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев айтты.

Министр елдегі өңдеу өнеркәсібіне талдау жүргізілгенін, нәтижесінде сала бойынша бәсекелестік артықшылықтар және өнеркәсіпті одан әрі дамыту үшін әлеуетті бағыттар анықталғанын атап өтті.

«2022 жылдың соңында елімізге 47,2 миллиард доллардың өнімі импортталды. Бұл импорт көлемінің жартысына жуығы яғни 20,1 млрд доллары машина жасау өнеркәсібіне келеді. Атап айтқанда, компьютерлер, электронды және оптикалық өнімдер, машиналар мен жабдықтар, көлік құралдары, тіркемелер мен жартылай тіркемелер, электр жабдықтары», деді министр.

Сондай-ақ Қазақстан шетелден келетін химия өнеркәсібіне 4,5 млрд доллар, тамақ өнеркәсібіне 3,8 млрд доллар, қара металлургияға 2,8 млрд доллар, жеңіл өнеркәсіпке 3,1 млрд доллар, құрылыс материалдарына 1,4 млрд доллар, түсті металлургияға 900 млн доллар жұмсаған. Министр бұл көрсеткіштердің өңдеу өнеркәсібін дамытуға және ішкі нарықтың шетелдік тауарларға қажеттілігін азайтуға әлеуеттің бар екенін көрсететінін айтады.

«Ірі инвестициялық жобалар пулын таңдау үшін министрлік бұған дейін металдарды терең өңдеу, ауыр машина жасау, автомобиль бөлшектері мен тыңайтқыштар өндірісі бойынша 20-ға жуық жоба ұсынған болатын. Мәселен, қара металлургияда инвестиция көлемі 920 млрд теңге болатын ыстық брикеттелген шойын өндіру жобасы ұсынылып отыр. Өндірістің іске қосылуы темір рудасының шикізатын тереңдетіп өңдеуді қамтамасыз етеді және отандық болат диірмендерін қажетті шикізатпен қамтамасыз етеді», деді ол.

Содан кейнгі кезекте арнаулы болат шығаратын электрометаллургиялық «Казахсталь» зауыты тұр. Оған 262 млн доллар көлемінде инвестиция тартылмақ. Бұл зауыт ішкі нарыққа дайын өнімнің 80%-ға жуығын шығаратын болады. Бұл жобаны жүзеге асыру Қазақстан Республикасында болат өндіруді 25%-ға, яғни 4,2 млн тоннадан 5,4 млн тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

«Түсті металлургияда инвестиция көлемі шамамен 600 млрд теңге болатын «KAZ Minerals/NFC» мыс балқыту зауытын іске қосу жоспарланған. Бұл жоба жылына 300 мың тонна катодты мыс шикізатын ел ішінде толық өңдеуге мүмкіндік береді. Катодты мыс жобасын жүзеге асыру нәтижесінде Қазақстан Қытай, Жапония, Чили және Ресей Федерациясынан кейін әлемдегі ең ірі бес өндіруші ел қатарына кіреді», дейді министрлік басшысы.

Сонымен бірге теміржол машина жасау саласында Швейцарияның Stadler Rail AG компаниясымен бірлесіп жеңіл вагондар шығару жобасын жүзеге асырылады. Жоба 100% импортты алмастыратын деп күтілуде.

Министр бұл жобаларға Ұлттық қордан трансферттер бөлінбейтінін, ол жобалар инвесторлардың қаражатына жүзеге асатынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыз