Қауіпті жұмыста істейтіндер арнайы әлеуметтік төлем алады
Зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін азаматтарға 55 жастан бастап зейнеткерлік жасқа толғанға дейін арнайы әлеуметтік төлем тағайындалады. Бұл жайлы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова айтты.
Арнайы әлеуметтік төлемдер 55 жасқа толған және 7 жыл бойы міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бар, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерге тағайындалады.
Олар 4 жолмен беріледі:
- Республикалық бюджеттен 1,5 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
- Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіппен БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен жинақталған зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен;
- Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
- Жұмыс берушілердің қаражаты 1 ең төмен күнкөріс мөлшерінде.
Енгізілетін түзетулерге сәйкес 2014 жылдан бастап зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер үшін жұмыс берушілер есебінен жалақының 5% мөлшерінде міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары жүзеге асырылады. Ал зейнетақы жинақтары жеткілікті азаматтар ертерек зейнетке шыға алады. Жеткілікті жинақ мөлшері ерлер үшін – 5,3 млн теңге, әйелдер үшін-6,8 млн теңге.
Сонымен бірге өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету мақсатында 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасы әзірленген. Оған сәйкес:
- Жұмыс орнында кәсіптік тәуекелдерді бағалаудың жаңа моделі енгізіледі;
- Кәсіптік тәуекел дәрежесі бойынша сақтандыру тарифі сараланады;
- Кәсіпорындардың цифрлық картасын құрылады;
- Еңбекті қорғау саласында мемлекеттік бақылау мен мониторингтің проактивті форматын енгізіледі.
Заңнамаға енгізілген бұл түзетулерді Мәжіліс қарап жатыр.