«Жайлы мектеп» жобасына өзгеріс енгізілді: барлық жиһаз отандық өндірушілерден алынады
ҚР Үкіметі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына өзгеріс енгізді. Оған сәйкес мектепке отандық жиһаздар мен әрлеу материалдары пайдаланылады. Бұл отандық өндірушілерді қолдау мақсатында енгізілген.
Яғни жаңа форматтағы мектептер салынғандда оған қажетті барлық жиһаз қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Сондай-ақ сыртқы қасбеттерді әрлеуде қолданылатын материалдардың басым бөлігі отандық тауарлар болмақ.
Осы орайда кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шарасы ретінде ұзақ мерзімді жеткізуді жоспарлауға және тиімді шарттармен жобаны қаржыландыруға мүмкіндік беретін алдын ала келісімшарттар қолданылады.
ҚР Үкіметі қабылдаған өзгерістерді сапалы іске асыру мақсатында елдегі отандық тауарлардың құндылық үлес көрсеткіштеріне мониторинг жүргізеді.
Жиһаз комиссиялары жұмысының қорытындысы бойынша 20 өңірде қажеттілікті қамтамасыз ете алатын 134 отандық жиһаз өндірушісі анықталды. Болашақ жайлы мектептің жобасы мемлекеттік сараптамадан сәтті өткеннен кейін, әр мердігер бір ай ішінде жиһаз өндіруші кәсіпорынмен шарт жасасуы тиіс.
Енгізілген өзгерістерге сәйкес, елімізде баламасы бола тұра, шетелдік жиһаз сатып алынған жағдайда ұлттық жоба операторына орындалмаған міндеттемелер сомасының 15% мөлшерінде айыппұл салынады.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылады. Жоба аясында 740 мың орындық 369 мектеп ашу жоспарланған. Бұл өз кезегінде апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселелерін шешеді. Жобасы аясында мектеп салуға 2,4 трлн теңге қаражат бөлінеді