Halyk Bank Қырғызстандағы еншілес банктің 100% акциясын сатуға келісті, делінген Қазақстан қор биржасының (KASE) сайтында.
««Қазақстан Халық Банкі» акционерлік қоғамы (LSE: HSBK; KASE: HSBK, HSBKd; AIX: HSBK, HSBK.Y) «Халық Банк Қырғызстан» ААҚ-тың («Банк») 100% акциясын сату туралы Visor International DMCC («Visor») инвестициялық тобының құрамына кіретін сатып алушылар консорциумымен уағдаласты»-делінген хабарламада.
Мәміле Қырғыз Республикасы Ұлттық Банкінің келісімін алғаннан кейін аяқталады.
««Халық Банкі Қырғызстан» ААҚ клиенттер қаражатының сақталуын және өз міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ете отырып, қазіргі және әлеуетті клиенттерге тиісті деңгейде қызмет көрсетуді жүзеге асырады.
Visor тобы Банкті жеке заңды тұлға ретінде сақтауды жоспарлап отыр және оны Қырғызстанның аумағында дамытуды жалғастырады»,-делінген хабарламада.
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ – бөлшек, ШОБ және корпоративтік банк қызметтерін, сақтандыруды, лизингті, брокерлік қызметтерді және активтерді басқаруды қоса алғанда, әртүрлі сегменттерде жұмыс істейтін Қазақстандағы жетекші қаржы тобы. Банктің Қазақстан қор биржасында 1998 жылдан бастап, Лондон қор биржасында 2006 жылдан бастап және Astana International Exchange-те 2019 жылғы қазаннан бастап листингі бар. 2023 жылғы 30 маусымға 14 241,5 млрд. теңге мөлшерінде активтері бар Банк Қазақстандағы жетекші кредиттік ұйым болып табылады. Банктің ең ірі клиенттер базасы және филиалдық желісі бар – ел бойынша 570 филиалдар мен бөлімшелер. Банк Грузияда, Қырғызстанда және Өзбекстанда да операция жүргізеді.
Қазіргі уақытта «Қазақстан Халық Банкі» АҚ Halyk тобының құрамына кіретін еншілес компанияларды дамытуды жалғастыруда. Осылайша, 2023 жылы Өзбекстанда бизнесті стратегиялық дамыту және кеңейту шеңберінде ШОБ өнімдерін цифрландыру бойынша шешімдер қабылданды, «Қазтелепорт» АҚ және «Halyk Finservice» ЖШС Өзбекстанда еншілес компанияларын ашты, Тenge Market маркет-плейсі іске қосылды.
2023 жылдың қазан айында Қазақстан Халық Банкі Оpen Networks Ltd жеке компаниясының 50% акциялар пакетін сатып алу бойынша мәмілені аяқтады, бұл өз цифрлық инфрақұрылымын дамыту шеңберінде қызметті кеңейтуге және билеттерді онлайн сату нарығында қатысуды күшейтуге, ілеспе қаржылық қызметтер көрсетуге, қызмет көрсету сапасын жақсартуға, сондай-ақ өз қызметтерін дамытуға мүмкіндік береді.
Visor тобы – Орталық Азия елдерінде және халықаралық деңгейде телекоммуникация, сауда, фармацевтика, энергетика, қаржы және басқа да салалардағы инвестициялары бар халықаралық инвестициялық топ.