“Назарбаевтың сенімді адамы”: Бишімбаев бұрын не үшін сотталып еді

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы

Астанада кісі өлтірді деген күдікпен ұсталған экс-министр Қуандық Бишімбаев 5 жыл бұрын жемқорлық бабымен сотталып, 2019 мерзімінен бұрын босап шыққан.

Бишімбаевты 2016 жылы Ұлттық экономика министрі қызметінен бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі алып тастаған. Назарбаев Бишімбаевтың «бұрын «Бәйтерек» холдингінің басшысы болған кезде күмән тудыратын істермен айналысқаны» туралы айтқан. 2017 жылдың қаңтарында Бишімбаев холдинг директоры болғанда Қызылорда қаласында салынуы керек болған әйнек зауытының құрылысы кезінде мердігер компаниядан ірі көлемде пара алды және «Бәйтерек» холдингінен ірі көлемде ақша жымқырған қылмыстық топ құрды деген айыппен ұсталған

Бишімбаев сотта барлық айыпты жоққа шығарып, бұл іске қатысты нақты дәлел жоқ екенін алға тартқан. Ол соттағы сөзінде «Назарбаевтың сенімді адамы» болып қала беретінін айтқан. 2018 жылдың наурызында сот экс-министрді 10 жылға бас бостандығынан айырған

2019 жылы қыркүйекте Шымкент қаласы Абай аудандық соты Бишімбаевтың мерзімінен бұрын босау туралы өтінішін қанағаттандырып, қарашада оның бостандыққа шыққаны белгілі болған. Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті шенеуніктің қамауда болған кезде «жақсы мінез-құлық» көрсетіп, сот тағайындаған «арыз-талапты өтегенін» хабарлаған

2017 жылдың қаңтарынан бастап есептегенде экс-министр өз мерзімінің, яғни бастапқыда сот тағайындаған 10 жылдың 2 жыл 9 айын түрмеде өтеген. 

Қуандық Бишімбаев «Болашақ» бағдарламасымен АҚШ-та білім алып келген Қазақстанның ең жас министрлерінің бірі болған. Экономика және қаржы саласында лауазымды қызметтер атқарған. 2009-2010 жылдары бұрынғы президент Назарбаев көмекшісі, 2013-2016 жылдары «Бәйтерек» холдингінің басшысы, 2016-2017 жылдары Ұлттық экономика министрі болған.

Бейсенбі, 9 қарашада Астанада мейрамханалардың бірінде қонақтар арасында жанжал шығып, бір адам қаза тапты. Кейіннен БАҚ-та кісі өлтірді деген күдікпен бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталды деген ақпарат тарады.

Сондай-ақ оқыңыз