Ұлттық банк Ұлттық қордың активіне «ҚазМұнайГаз» компаниясының акцияларын сатып алғаннан кейін, бұл акциялар Қаржы министрлігіне тиесілі болды.
«2023 жылдың қазан айында Ұлттық банк өзінің сенімгерлік басқаруындағы Ұлттық қор қаражатынан 500 млрд теңгені пайдаланып, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының акцияларын сатып алды.Алайда Ұлттық қор Үкіметтің, оның ішінде Қаржы министрлігі меншігінде, сондықтан сатып алынған акция енді Қаржы министрлігіне тиесілі», – делінген Ұлттық банктің «Курсивке» берген жауабында.
Осылайша Ұлттық банктің «ҚазМұнайГаздағы» үлесі өзгеріссіз қалды. 2023 жылдың 9 қарашасындағы жағдайға сәйкес, компания акциялары төмендегідей бөлінген:
- «Самұрық Қазына» – 79,73%
- Ұлттық банк – 9,58%
- Қаржы министрлігі – 7,69%
- Миноритарлы акционерлер – 3,00%
Айта кетейік, Үкімет республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Ұлттық банк Ұлттық қордың 1,3 трлн теңге активін қолданып, «ҚазМұнайГаздың» акцияларын сатып алуы туралы шешім шығарғанын жазған едік.
Осыған дейін республикалық бюджетке трансферт бөлу және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ доллары сатылған болатын.
Қаржы министрлігі Ұлттық қорға «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуына рұқсат етуге байланысты түсініктеме берді. Ұлттық қордан валюта сату күрт өскен. Қыркүйек айында жалпы жылдық сауданың 34 пайызын құраған еді.