Байқоңырда Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері мектептерге оқушылардың қалауымен ғана енгізіледі – Білім басқармасы
Байқоңыр қаласының барлық мектептерінде қазақ немесе орыс тілінде берілетін білім беру стандартына қарамастан, Қазақстан тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті пәндері оқытылады. Бұл туралы екі елдің үкіметаралық комиссиясының отырысында келісілді.
«Қазіргі таңда бұл пәндер Янгел атындағы №7 мектепке енгізілді. Оқыту 5, 6, 8, 9 сынып оқушылары арасында жүргізіледі. Болашақта бұл оқу пәндері Байқоңырдағы басқа орыс мектептерінде де пайда болады», – деп мәлімдеді Байқоңыр аудандық білім бөлімінің сектор меңгерушісі Жадыра Алданова 7 қарашада республикалық телеарнаға берген сұхбатында.
9 қарашада Байқоңыр қалалық білім басқармасы өткен жылдың желтоқсан айында Мәскеуде өткен «Байқоңыр» кешені бойынша Ресей-Қазақстан үкіметаралық комиссиясының 8-ші отырысының қорытындысында Байқоңыр қаласындағы орыс мектептерінде «қазақ тілі мен әдебиеті» және «Қазақстан тарихы» пәндерін оқыту мәселесін бірлесіп зерттеу туралы шешім қабылданғанын хабарлады.
Хабарламада: қала әкімшілігінің өкілдері Қазақстан тарапымен жұмыс кездесулерінде бұл пәндерді Байқоңыр қаласындағы орыс мектептерінде оқушылардың жеке қажеттілігін қанағаттандыру аясында оқуға болатынын бірнеше рет атап өткені, басқа білім алушылардың құқықтары, яғни олардың өтініші бойынша (ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қалауы бойынша) мектептен тыс іс-шара түрінде – негізгі жалпы білім беру бағдарламасының шеңберінен тыс екенін жеткізілгені жазылды.
«Қоғамдық пікірді зерделеу үшін мектепте тиісті мониторинг жүргізіліп, қорытындысында аталған пәндер бойынша оқытуды ұйымдастыру туралы шешім қабылданды. Дегенмен қаланың басқа мектептерінде жүргізілген осындай мониторинг жалпы алғанда оқушылар мен олардың ата-аналары мектептен тыс жұмыстардың басқа бағыттарына: мемлекеттік қорытынды аттестацияға дайындық, шет тілдерін меңгеру, спорттық және патриоттық тәрбиеге басымдық беретінін көрсетті», – деп мәлімделді Байқоңыр қалалық білім басқармасының жазбасында.
Білім басқармасы оқушылардың негізгі жалпы және орта жалпы білім алу құқықтарын сақтау мәселесіне ерекше назар аударатындарын жариялады.
«Әр оқу жылының басталуына дейін қала мектептері қала тұрғындарының әлеуметтік қажеттіліктерін қанағаттандыратын және танымал сыныптан тыс іс-шараларды қамтитын жылдық оқу бағдарламаларын қалыптастыру мақсатында оқушылар мен олардың ата-аналарына сауалнама жүргізеді», – деп нақтыланды Байқоңыр қалалық білім басқармасының жазбасында.
Байқоңырда қазақстандық стандарт бойынша білім беретін – 5, ресейлік стандартпен оқытатын – 7 мектеп бар. Ресейлік білім стандартына жүгінетін мектептерде 2 мыңнан астам қазақстандық білім алады. Алдағы уақытта оларға Қазақстан тарихын, қазақ тілі мен әдебиетін оқу мүмкіндігі беріледі.
ҚР Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртайдың айтуынша, барлық мектептерде оқушылар арасында сауалнама жүргізіледі.
«Кім ниет танытса, осы пәндерді оқиды. Ресей тарапы кітаппен, мұғалімдермен толық қамтамасыз етеді. Бұл балаларымызға білім алуды отандық жоғары оқу орындарында жалғастыруға беріліп отырған мүмкіндік», – деді Қ. Нұртай.
Өзгеріс тек білім беру саласына әсер еткен жоқ. Қала көшелерінде қазақ тілінде маңдайшалар, жарнамалық және ақпараттық тақталар пайда болды. Соңғы 30 жылда алғаш рет қала көшелеріне қазақ ақындары мен екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен батырлардың есімдері берілді.
Болашақта Байқоңыр қаласында Қазақстанның ұлттық және мемлекеттік мерекелері аталып өтеді. Екі елдің үкіметаралық комиссиясы қызылордалық оқушыларға ғарыш айлағына саяхат жасауға мүмкіндік беретін өзгеріс енгізген.
Байқоңыр қаласына Ресей Федерациясының «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға алуына байланысты ерекше мәртебе берілген. Мұнда ерекше режим бар. Нысандар, кәсіпорындар және азаматтардың тұрғылықты жері қорғалады.
Құрамына ғарыш айлағы мен аттас қала кіретін «Байқоңыр» кешені 1994 жылы 28 наурызда қол қойылған келісім мен 1994 жылғы 10 желтоқсандағы жалға алу келісімі бойынша Ресейге 20 жылға жалға берілді. 2004 жылы жалдау мерзімі 2050 жылға дейін ұзартылды. Ресей Байқоңырды жалға алғаны үшін Қазақстанға жыл сайын 115 млн доллар төлейді.