Мемлекет шағын және орта бизнеске қолдауды күшейту мақсатында «жаңа күн тәртібін» енгізеді. Атап айтқанда «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын біріктіруді көздеп отыр. Бұл туралы Сенатта өткен Үкімет сағатында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеді.
Оның дерегінше, соңғы 5 жылда шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнім көрсеткішіндегі үлесі айтарлықтай артқан.
«2019-2023 жылдар аралығында қазақстандық шағын және орта кәсіпкерліктің экономикаға қатысуы үлесі 31,7%-дан 36,4%-ға дейін, яғни 4,7%-дық тармаққа өсті. 2023 жылы жұмыспен қамтылғандардың жалпы саны 23,8%-ға өсіп, 4,2 млн адамға жетті», – деді Ұлттық экономика министрі.
Ал, жаңа бағдарламада субсидиялаудың орнына бизнес үшін көбірек кепілдіктер берілмек. Облигациялық қарыздарды қолдау құралдары жетілдіріліп, ШОБ жобаларын синдикатталған қаржыландыру мүмкіндіктерін қарастыру жоспарлануда.
Өсу әлеуеті бар шағын және орта бизнес, олардың технологиялылығы, өнімділігі мен экспортқа бағдарлануы басымдыққа ие болады. Бизнесті қолдау шаралары мен қарсы міндеттемелердің топтамалық шешімдері енгізілетін болады. .
Қолдау орта кәсіпкерлік сегментінің көшбасшыларын қалыптастыру мақсатында орта бизнес үшін көзделіп отыр.
«Осылайша, кәсіпкерлікті дамытудың ұсынылып отырған «жаңа күн тәртібі» бизнесті дамытудың барлық кезеңдерінде оның үздіксіз дамуын қамтамасыз етеді», деп сендірді Қуантыров.
Сонымен қатар, Үлттық экономика министрінің дерегінше, өңдеу секторындағы жаңа жобалар бірқатар салықтардан 3 жылға босатылады, сондай-ақ салықтық бақылауды цифрландыру жоспарлануда.
Сондай-ақ сауда және халыққа қызмет көрсету саласындағы қызметтің 190 түрі бойынша дәлізде айналымнан 4%-дан 2%-ға дейін бөлшек салық енгізілді. Тізбе кемінде 2 есе кеңейтілетін болады.
Айта кету керек, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап шағын және микробизнес үшін жалақыдан бірыңғай төлем енгізілді. Бірыңғай төлемді енгізу арнайы салық режиммен жұмыс істейтін шағын бизнес өкілдеріне барлық салықтар мен басқа да міндетті төлемдерді төлеуді жеңілдету көзделген болатын.
Бұдан басқа, салық реформаның болжамдылығы үшін Салық саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданады.
Айта кету керек, «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары шағын және орта бизнесті субсидиялау, жеңілдікпен несие беру және мемлекеттік кепілдік пен грант беру негізінде жүзеге асырылған болатын.