Визасыз режим: Қытай мен Қазақстан арасында әуе рейстерінің саны артады

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Қытаймен арада визасыз режимнің күшіне енуіне байланысты екі ел арасында әуе рейстерінің саны артады. Бұл жайлы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қазақстан Республикасының Көлік министрлігі Мемлекет басшысының елдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын жүзеге асыру шеңберінде отандық әуекомпаниялармен бірлесіп жолаушылар тарапынан туындап отырған сұранысты қанағаттандыру мақсатында екі ел арасындағы рейстер санын ұлғайту бойынша жұмыс жүргізіп жатыр»,- делінген хабарламада.

«Эйр Астана» әуекомпаниясы Алматы-Пекин бағытында 6 рейс ұшырып келген. Енді жеті рейс ұшатын болады. Ал Астана-Пекин бағыты бойынша рейс аптасына 1 рейстен 3 рейске дейін артады. Сондай-ақ бұрын Алматы-Үрімші бағыты бойынша аптасына 2 рейс ұшып жүрген болса, алдағы уақытта 7 рейске дейін ұлғайтылмақ. .

Сонымен бірге келесі жылдан бастап, Шанхай, Гуанчжоу және Чэнду қалаларына жаңа бағыттар ашылады деп жоспарланып отыр.

Ал Қытайдың Air Logistics жүк әуекомпаниясы қараша айынан бастап Алматы – Сиань бағыты бойынша жүк тасымалына арналған тұрақты рейстерді іске қосты.

Жалпы, Қазақстан мен Қытай арасында аптасына 27 рейс ұшатын болады. «Алматы-Пекин» бағытында – аптасына 6 рейс; «Астана-Пекин» – 1 рейс; «Астана-Үрімші» – 2 рейс, China Southern Airlines – 2 рейс; «Алматы-Үрімші» – 2 рейс, China Southern Airlines – 7 рейс; «Алматы-Сиань» – 2 рейс; «Астана-Сиань-Пекин» – 2 рейс; «Алматы-Ханчжоу» – 3 рейс.

Жалпы Қазақстан мен Қытайдың авиациялық билік өкілдерінің арасындағы келісімге сәйкес екі елдің әуекомпанияларына аптасына 84 рейс орындауға рұқсат етілген.

Еске сала кетсек, бүгін 10 қарашада Қазақстан мен Қытай арасындағы визасыз режим туралы келісім күшіне енді.

Сондай-ақ оқыңыз